Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 8 қарашада Әзербайжанда өтетін Жеңіс күніне орай Бакуге баратынын жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Оңтүстік Кореядан қайтар жолда ұшақ бортында тілшілердің сұрақтарына жауап берді. Ол Бакуге жоспарланған сапары серіктестікті бекіте түсуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Егер төтенше жағдай орын алмаса, 8 қараша күні Әзербайжанға баруды жоспарлап отырмын. Бұл сапар екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту үшін қажетті қадамдар жасауға жақсы мүмкіндік болмақ», – деді Режеп Тайып Ердоған.
Түркия басшысы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы тілдескенін хабарлады. Сондай-ақ Бакуге Түркияның Ұлттық барлау ұйымының жетекшісі мен сыртқы істер министрі жіберілгенін нақтылады. Мемлекеттер арасындағы байланыс тек ресми тұлғалар ғана емес, мемлекет басшыларының жұбайлары деңгейінде де тұрақты жалғасып келеді.
«Біздің Әзербайжанмен қарым-қатынасымыз классикалық дипломатия шеңберінен әлдеқайда кең. Ортақ тарих, мәдениет пен ортақ тағдырымыз бар. Бауырлас екі ел еңсере алмайтын ешқандай кедергі жоқ», – деп түсіндірді президент Ердоған.
Екі ел арасындағы кейінгі мәселелердің мән-жайы
Соңғы айларда Анкара мен Баку арасында бірқатар түйткілдерге байланысты пікірталас туындаған еді. Қыркүйек айында Әзербайжан билігі мемлекеттік мектеп оқушыларының киіміне қатысты жаңа ереже бекітті.
Тәртіпке сай, бірыңғай мектеп формасына және білім берудің зайырлы сипатына сай келмейтін элементтерге тыйым салынды. Құжатта хиджаб сөзі тікелей аталмағанымен, шектеу діни киімдерді қамтыды. Аталған қадам Түркияда қоғам мен жоғары саяси ортада сынға ұшыраған болатын.
Сонымен бірге Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігі билікті күшпен құлатуға үндеу жасағаны үшін Түркияның 31 азаматын елге кіруіне тыйым салынған тұлғалар тізіміне енгізді. Ал Бас прокуратура ұқсас айыппен тағы жеті түрік азаматына халықаралық іздеу жариялады. Ердоғанның алдағы сапары осындай түйткілдерді шешіп, өзара сенімге негізделген одақтастықты нығайтуға арналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







