Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың сотында күтпеген жайт болды. Сот процесі аяқталуға шақ қалған тұста, айыпталушы Төлегенова соңғы сөзін пайдаланып, кінәсін толық мойындайтынын жеткізіп, прокурормен процессуалдық келісімге келу туралы өтініш жасады. Судья амалсыз сот тергеуін қайта жалғастыруға шешім қабылдап, отырысқа үзіліс жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сот отырысы таңғы 9:30-да басталды. Ерболат Жанабылов адвокатымен бірге сот залында отырса, Эльмира Төлегенова онлайн байланыс арқылы қатысты. Сот төрағасы соңғы сөз берілгенде, Төлегенова мен жұбайының әрекетіне толық жауапты екенін мойындап, істеген ісіне шын өкініп отырғанын айтты.
«Жасаған ісіміздің ауыртпалығын толық сезіндік, үлкен сабақ алдық. Заңды бұзғанымызға қатты өкінеміз. Жолдасым екеумізге бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауыңызды өтінемін», – деді айыпталушы.
Осыдан кейін Төлегенова процессуалдық келісім туралы арнайы өтініш түсірді. Судья өтінішті ертерек, сот тергеуі аяқталмай тұрып білдіру керектігін ескертті. Алайда қорғаушы тарап Қылмыстық-процестік кодекстің 615-бабына сүйеніп, сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін кез келген уақытта келісім жасауға құқылы екенін атап өтті.
Осы себепті сот тергеуін қайта жалғастырып, прокурорға ұсынысты қарау үшін бір сағат уақыт берілді.
Прокурор не дейді?
Мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың ұстанымын нақтылады: «Процессуалдық келісімді тек Төлегенова сұрап отыр ма, әлде Жанабылов та келісімге келуді қалай ма? Мұндай келісім жасау үшін айыпталушылар кінәсін толық мойындауы қажет», – деп түсіндірді прокурор.
Айта кетейік, бұған дейін прокурор Ерболат Жанабыловты 4 жылға бас бостандығынан айыруды, Эльмира Төлегеноваға да дәл сондай жаза тағайындап, бірақ оның жазасын өтеуді бір жылға кейінге қалдыруды сұраған.
Сонымен қатар, прокурор заңсыз тапқан 247 млн 550 мың теңгені мемлекетке қайтарып, айыпталушылардан 17 дана iPhone 16 смартфоны мен 8 Hyundai Elantra көлігін тәркілеп, Lamborghini Urus пен Lexus көліктеріне қойылған бұғатты күшінде қалдыруды талап етті.
«Біздің алдымызда жай қылмыстық іс емес, әлеуметтік желі арқылы жасалған алаяқтыққа қатысты аса маңызды прецедент қалыптастыратын іс тұр. Әлеуметтік желі алаяқтық пен экономикалық қылмыстардың жаңа құралына айналып бара жатыр», – деп ерекше атап өтті мемлекеттік айыптаушы.
Жанабылов пен Төлегеноваға Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі, 2-тармағы және 218-бабының 2-бөлігі, 1-тармағы бойынша айып тағылған.
Бұған дейін танымал адвокат Жохар Өтебеков «билік блогерлер мен инфлюенсерлердің әрекетін бақылауды күшейтеді» деген мәлімдеме жасаған. Бұған дейін біз Ерболат Жанәбілов сатқан курстардың түкке тұрғысыз болып шыққанын талдап жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







