Вашингтон мемлекеттік университетінің ғалымдары кәріз қалдықтарынан жаңартылатын табиғи газ өндірудің жаңа тәсілін ойлап тапты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Chemical Engineering Journal журналында жарияланған зерттеуде көрсетілгендей, ғалымдар кәріз шөгінділерін арнайы өңдеу арқылы жоғары сапалы метан алудың тиімді әдісін ұсынды. Бұл жаңалық қалдықтарды басқару мен энергия өндірісіндегі маңызды мәселелерді бірден шешуі мүмкін.
Жоба жетекшісі, профессор Биргитте Арингтің айтуынша, жаңа технология кәріз қалдықтарының 80 пайызын құнды энергия көзіне айналдыруға қабілетті. Арнайы алдын ала өңдеу процесі арқылы алынған жаңартылатын газ мөлшері екі есеге артса, шығын көлемі керісінше екі есе төмендейді.
Алынған газ 99 пайыз таза метаннан тұрады. Оны үй жылыту, электр энергиясын өндіру және көлік отыны ретінде де қолдануға болады. Бұл жаңалықтың басты артықшылығы – қолданыстағы инфрақұрылымды өзгертпей-ақ енгізу мүмкіндігі.
Процесс екі негізгі кезеңнен тұрады: алдымен кәріз шөгінділері жоғары температура, қысым және оттегімен өңделіп, қалдықтар ұсақталады. Екінші кезеңде арнайы бактерия штаммы көмірқышқыл газы мен сутегін метанға айналдырады.
«Бұл микроорганизмге ешқандай арнайы қоспа қажет емес. Ол қарапайым суда және дәрумендік таблеткалармен-ақ жұмыс істей береді», – дейді профессор Аринг.
Қазір АҚШ-та кәріз суларын тазалайтын 15 мыңға жуық кәсіпорын жылына елдегі жалпы электр энергиясының 4 пайызын тұтынады және атмосфераға 21 миллион тонна парниктік газ шығарады. Жаңа технология бұл проблемаларды азайтып, қалдықты пайдалы ресурсқа айналдырады.
Қазір ғалымдар технологияны коммерциялық деңгейге жеткізу үшін өндірістік серіктестермен жұмыс істеп жатыр. Мамандардың пікірінше, бұл әдіс кеңінен таралса, кәріз жүйелері энергия тұтынушыдан энергия өндірушіге айналып, экология мен экономикаға үлкен пайда әкелмек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







