Қарасай ауданында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қаскелең өзені аумағында экологиялық сенбілік ұйымдастырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Таза өлке – жарқын болашақтың кепілі» тақырыбымен өткен шараға аудан тұрғындары, еріктілер, белсенді жастар, діни бірлестік өкілдері және жергілікті атқарушы орган қызметкерлері қатысты. Жалпы сенбілікке 100-ден астам адам жиналып, өзен жағалауын тазалау жұмысына үлес қосты.
Игі бастаманың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жауапкершілікпен қарау дағдысын күшейту және қоғамда тазалық мәдениетін дамыту. Сонымен қатар тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға, өзен-көл маңын таза ұстауға және ортақ кеңістікке жанашырлықпен қарауға үндеу көзделді.
Сенбілік барысында Қаскелең өзенінің жағалауы тұрмыстық қалдықтан тазартылды. Қатысушылар қураған шөпті, бей-берекет тасталған қоқысты жинап, аумақты санитарлық ретке келтірді. Жиналған жұрт бірлескен еңбек арқылы табиғи ортаның тазалығын сақтауға атсалысты.
Шара аясында тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау, табиғатты сақтау және экологиялық сананы арттыру бойынша түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Мұндай бастамалар адамдардың күнделікті тұрмыстағы жауапкершілігін күшейтіп, тазалықты бір реттік науқан емес, тұрақты өмір салты ретінде қабылдауға ықпал етеді.
Экологиялық сенбілікке Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев та қатысты. Ол тұрғындармен бірге өзен жағалауын тазалау жұмысына атсалысты.
Қарасай ауданында ұйымдастырылған мұндай шаралар туған жердің көркеюіне, табиғи ортаның сақталуына және болашақ ұрпаққа таза өлке қалдыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!








