Kaspi Gold картасын енді Apple Pay қызметіне қосып, әлемнің кез келген жерінде төлем жасауға болады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Kaspi. kz Apple Pay қызметінің іске қосылғанын хабарлады. Енді клиенттер iPhone, Apple Watch, iPad және Mac құрылғылары арқылы дүкендерде, мобильді қосымшаларда және интернетте төлем жасай алады.
Жаңа мүмкіндік Kaspi Gold картасын пайдалануды одан әрі ыңғайлы етеді. Әсіресе шетелге шыққанда iPhone немесе Apple Watch арқылы төлем жасағысы келетін клиенттер үшін бұл көптен күткен жаңалық болды.
Kaspi. kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе Apple Pay-ді қосу клиенттерден ең жиі түскен өтініштердің бірі болғанын айтты.
Оның сөзінше, көптеген клиент Kaspi Gold картасын Apple Pay-ге қосып, Қазақстанда ғана емес, шетелде де Apple құрылғылары арқылы төлем жасағысы келген.
«Біздің мақсатымыз – Kaspi Gold картасын кез келген жағдайда: Қазақстанда, сапарда, дүкендерде, қосымшаларда және интернетте одан да ыңғайлы ету», деді Михаил Ломтадзе.
Apple Pay байланыссыз төлем қабылдайтын барлық жерде жұмыс істейді. Оны супермаркеттерде, дәріханаларда, мейрамханаларда, кофеханаларда, дүкендерде және басқа да сауда орындарында пайдалануға болады.
Төлем жасау үшін iPhone немесе Apple Watch құрылғысындағы бүйір батырманы екі рет басу керек. Содан кейін Face ID, Touch ID немесе құрылғының құпиясөзі арқылы растау жасалып, құрылғы POS-терминалға жақындатылады.
Kaspi Gold картасын Apple Pay-ге тікелей Kaspi. kz суперқосымшасы арқылы қосуға болады. Сондай-ақ клиенттер iPhone құрылғысындағы Wallet қосымшасын ашып, «+» батырмасын басып, экрандағы нұсқауларды орындай алады.
Карта iPhone, Apple Watch, iPad немесе Mac құрылғысына қосылғаннан кейін Apple Pay қызметін бірден пайдалануға болады.
Kaspi. kz жаңа қызмет арқылы клиенттеріне төлем жасаудың тағы бір қолайлы тәсілін ұсынып отыр. Енді Kaspi Gold иелері картаны өзімен алып жүрмей-ақ, Apple құрылғылары арқылы жылдам әрі қауіпсіз төлем жасай алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







