Қазақстанда ресейлік «Лукойл» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарын игеру жобалары бойынша нақты шешім әлі қабылданған жоқ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Алматыда өткен KIOGE мұнай-газ көрмесі аясында энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мәлімдеді.
Оның сөзінше, аталған жобалардың болашағына қатысты мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр. Мемлекеттік орган ресейлік серіктеспен бірлескен активтердің тағдырын талқылап жатқанымен, түпкілікті тоқтамға келмеген.
«Хазар бойынша әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ, «Лукойлға» қатысты мәселе әлі шешілмеді», – деді вице-министр.
Өзге инвесторларды тарту мүмкіндігі
Сонымен қатар Ерлан Ақбаров құзырлы органдардың шельфтік жобаларға өзге инвесторларды тарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын жоққа шығармады. Дегенмен ол ведомство тарапынан бұған дейін басқа шетелдік инвесторлармен тікелей кездесулер өткізілмегенін, бірақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бұл бағытта келіссөздер жүргізіп жатқанын алға тартты.
Жобаның көлемі мен санкциялық тәуекелдер
Бұған дейін хабарланғандай, Каспий қайраңындағы «Қаламқас-теңіз» бен «Хазар» кен орындарын игеру бойынша оператор ретінде құрылған Kalamkas-Khazar Operating бірлескен кәсіпорнында «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» тең үлеске (әрқайсысы 50%-дан) ие болған еді. Аталған жоба шеңберіндегі геологиялық қор шамамен 48,5 миллион тонна мұнай мен 19 миллиард текше метр газды құрайды. Инвестиция көлемі 6,4 миллиард доллардан асады деп жоспарланған болатын.
Алайда халықаралық геосаяси жағдай мен ресейлік мұнай компаниясына қатысты сыртқы шектеулерге байланысты Қазақстан тарапы санкциялық тәуекелдерді ескере отырып, жұмыстарды уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болған еді. Қазіргі уақытта Үкімет ұлттық мүдде мен экономикалық қауіпсіздікті ескере отырып, стратегиялық кен орындарын игерудің оңтайлы тетіктерін іздестіруді жалғастырып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







