Қазақстан азаматтарының АҚШ визасын алу кезінде жиі қиындыққа тап болып жүргені тағы да талқыға түсті. Кей деректерге сәйкес, өтініш бергендердің шамамен 45 пайызына виза берілмейді. Сыртқы істер министрлігі мұның себебіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев мұндай көрсеткіштің рас екенін растады. Алайда мәселенің саяси астары жоқ екенін айтып, бәрі құжаттардың дұрыстығына байланысты екенін жеткізді.
«Ең алдымен құжаттардың талапқа сәйкестігі маңызды. Егер бәрі дұрыс болса, бұрын заң бұзушылықтарға жол берілмесе, тиісті орган виза беру туралы шешім қабылдайды», – деді ол.
Министрлік өкілінің айтуынша, анкета толтыру кезіндегі қателік, сақтандыру құжаттарының дұрыс рәсімделмеуі немесе жол жүру құжаттарындағы сәйкессіздік өтініштің кері қайтарылуына себеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар Ерлан Жетібаев АҚШ консулдық қызметі түсініксіз жайттар туындаған жағдайда қосымша сұрақ қойып, қосымша құжат сұрататынын айтты.
«Егер құжаттарда мәселе болса, азаматтан қосымша мәлімет сұралады. Менің білуімше, қажетті құжаттар ұсынылғаннан кейін көп жағдайда өтініш мақұлданады», – деді СІМ өкілі.
Брифинг барысында журналистер Қазақстанда жүрген Ресей азаматтарының АҚШ визасын қазақстандықтарға қарағанда жиірек алатыны туралы пікірге де назар аударды. Алайда министрлік мұндай мәліметтің ресми түрде расталмағанын мәлімдеді.
«АҚШ елшілігі тарапынан мұндай статистика немесе ресми мәлімдеме жарияланған жоқ», – деді Ерлан Жетібаев.
СІМ өкілінің сөзінше, әр мемлекеттің виза беру тәртібі әртүрлі. Сондықтан шетелге шығуды жоспарлаған азаматтар құжаттарды мұқият әзірлеп, көші-қон талаптарын сақтауы қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







