Қазақстанда терроризм мен экстремизмге қатысы бар қылмыстары үшін сәуір мен мамыр айларында 13 адам сотталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Комитеттің мәліметінше, Астананың қауіпті уағызға тойып алған бір тұрғыны әлемжеліде террористік идеологияны белсенді насихаттап, жақын айналасын шетелдегі террористік іс-қимыл аймақтарына баруға үгітттеген. Сот оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
«Теріс ағымның жетегіне кеткен тағы бір азамат, Шымкент қаласының тумасы Қазақстанда теократиялық мемлекет құруға үндеп, терроризмді насихаттағаны үшін 7 жылға сотталды», – деп хабарлады ҰҚК.
Осы екі айда Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Абай облысында осындай қылмысқа қатысы бар деген күдікпен тағы 11 адам ұсталған. Олардың арасында екі шетел азаматы және шетелден экстрадицияланған үш Қазақстан азаматы бар.
Күдіктілер интернет арқылы экстремистік мазмұндағы материалдарды таратып, терроризм ошақтарына шақырған және өз пікірлерін қолдамайтын азаматтарға қарсы зорлық-зомбылыққа үндеген деп айыпталуда. Қазір аталған азаматтарға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







