Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қазан айында салық есептілігін тапсырып, міндетті төлемдерді уақытында аударуға шақырды. Белгіленген мерзімді өткізіп алу өсімпұл есептеуге және техникалық қиындықтарға әкелуі мүмкін, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жеке тұлғалар үшін ең жақын маңызды мерзім 1 қазанға белгіленген. Осы күнге дейін 2025 жылға есептелген мүлік салығын толық төлеу қажет. Мүлік салығы салық салу нысаны орналасқан жер бойынша бюджетке аударылады.
5 қазанға дейін жеке практикамен айналысатын адамдар қыркүйек айындағы табысы бойынша жеке табыс салығын төлеуге тиіс. Міндеттеме адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторлар және заңда белгіленген өзге де жеке практика өкілдеріне қатысты. Төлем жасалғанда салық кезеңі мен бюджеттік сыныптама коды дұрыс көрсетілгені жөн.
15 қазанға дейін тамыз айына арналған акциз декларациясының 400.00 нысаны тапсырылады. Осы мерзімде үшінші тоқсанда түбірімен босатылған сүрек бойынша орман пайдаланғаны үшін төлем енгізіледі. Интернет-платформа операторы қыркүйек айындағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың арнаулы салық режимі бойынша жеке табыс салығын да аударады.
Есептілікті тапсыру мерзімдері
20 қазанға дейін салық төлеушілер бірнеше есепті ұсынуы қажет. Олардың қатарында қыркүйекте тауар әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы 328.00 өтініші бар. Сонымен бірге жер учаскелерін пайдаланғаны үшін ағымдағы төлемдердің 851.00 есебі тапсырылады.
Осы күнге дейін қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем бойынша 870.00 декларациясы да өткізілуге тиіс. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импортталған тауарларға қатысты қыркүйек айының қосылған құн салығы мен акцизі төленеді. Орманды ұзақмерзімді пайдалану және өсімдік ресурстарын қолдану бойынша үшінші тоқсанның төлемдері де 20 қазаннан кешіктірілмеуі керек.
27 қазан кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер үшін ең ауқымды төлем күні болмақ. Осы мерзімге дейін қазан айының корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемі, қыркүйекте резиденттер мен бейрезиденттер табысынан ұсталған корпоративтік және жеке табыс салығы аударылады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың арнаулы режим бойынша салығы мен әлеуметтік салық та осы күнге дейін төленеді.
Жер учаскесін пайдаланғаны, радиожиілік спектрін қолданғаны және қазан айында сыртқы көрнекі жарнама орналастырғаны үшін төлем мерзімі де 27 қазанда аяқталады. Жұмыс берушілер қыркүйек айының бірыңғай төлемін және қызметкерлерге қатысты әлеуметтік аударымдарды енгізуге тиіс. Комитеттің ресми сайтында салық міндеттемелерін нақтылауға арналған салық күнтізбесі жұмыс істейді.
Әлеуметтік төлемдерді де ұмытпау қажет
27 қазанға дейін міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы аударылады. Осы тізімге әлеуметтік аударымдар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдары да кіреді. Төлемдердің барлығы қыркүйек айы үшін жүргізіледі.
Мемлекеттік кірістер департаменті есептілік пен төлемді соңғы күнге қалдырмауға кеңес береді. Соңғы сағаттарда ақпараттық жүйеге түсетін жүктеме артып, төлемнің немесе есептің кеш тіркелу қаупі көбейеді. Мұндай кідіріс берешек пен өсімпұлдың есептелуіне себеп болуы ықтимал.
Салық төлеуші тапсырылған есептің қабылданғаны туралы хабарламаны жеке кабинетінен тексергені дұрыс. Банк арқылы жүргізілген төлемнің орындалғанын және қаражаттың тиісті бюджетке түскенін де бақылау қажет. Салық міндеттемесі қызмет түрі мен қолданылатын режимге қарай ерекшеленетіндіктен, нақты мәліметті Мемлекеттік кірістер комитетінің салық күнтізбесінен анықтаған жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






