«Әділет» партиясы сайлауалды науқаны аясында өңір тұрғындарымен тікелей диалог орнатуға бағытталған мобильді керуен жобасын бастады. Алты топ алдағы 29 күнде 14 мың шақырымнан астам жол жүріп, 100-ден астам қала, аудан орталығы мен ауылды қамтиды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Әділетті Қазақстан үшін» атауын алған мобильді керуендердің алғашқы бағыты Астанадан жолға шықты. Сапардың басталу рәсіміне партия атынан Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар, сенімді өкілдер, сарапшылар мен белсенділер қатысты.
Жобаның алғашқы бағытына партия Саяси кеңесінің мүшесі, тележүргізуші Армангүл Тоқтамұрат жетекшілік етеді. Оның айтуынша, Қазақстанның 17 облысын қамтитын алты мобильді топ жасақталған.
– Бірінші бағыт Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының елді мекендеріне барады. Тұрғындармен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырамыз. Азаматтарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, ұсыныстарын жинаймыз, – деді Армангүл Тоқтамұрат.
Алғашқы кездесулер керуен сапары басталғаннан кейінгі күні өтеді. Партия өкілдері ауыл және аудан тұрғындарымен ашық әңгімелесіп, жергілікті деңгейдегі мәселелерді талқылауды жоспарлап отыр.
Кездесулер дәстүрлі үгіт жиыны түрінде ғана өтпейді. Ұйымдастырушылар тұрғындардың пікірін тыңдауға, өңірлік ерекшеліктерді анықтауға және сайлауалды бағдарламадағы ұсыныстарды жергілікті күн тәртібімен байланыстыруға басымдық бермек.
Азаматтардан түскен бастамалар кейінгі партиялық және заң шығару жұмысына енгізіледі деп жоспарланған. Керуен мүшелері әр елді мекендегі әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелерді жеке тіркеп отырады.
Жобада ауылдық аумақтарға ерекше назар аударылған. Қазір ауылдарда Қазақстан халқының шамамен 37 пайызы немесе 7,5 млн-ға жуық адам тұрады. Ауыл тұрғындары үшін жұмыс орны, табыс, жол, интернет, медицина, білім және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі негізгі мәселелер қатарында қалып отыр.
Халықпен кездесулер формалды сипат алмайды
Мобильді топтардың бағыты Шығыс Қазақстаннан Маңғыстауға, Солтүстік Қазақстаннан Түркістан облысына дейінгі аумақты қамтиды. Керуендер ірі қалалармен шектелмей, шалғай аудан орталықтары мен ауылдарға да барады.
Кездесулерде халықтың табысын арттыру, өңірлік экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланады. Мемлекеттік қызметтердің сапасы, цифрландыру және заңнаманы жетілдіруге қатысты тұрғындардың ұсыныстары да жинақталады.
Армангүл Тоқтамұраттың айтуынша, мобильді керуендердің міндеті дайын бағдарламаны таныстырумен аяқталмайды. Жоба өңірдегі нақты ахуалды зерттеп, азаматтардың күнделікті өміріне әсер ететін проблемаларды партиялық күн тәртібіне шығаруға бағытталған.
– Халықпен кездесулер формалды сипат алмауға тиіс. Тұрғындардың әр ұсынысын тіркеп, кейінгі бірлескен жұмыста ескеру маңызды. Өңірдегі мәселені сол жерде тұратын азаматтан артық ешкім білмейді, – деді ол.
Жобаға партияның шамамен 200 өкілі қатысады. Олардың қатарында Құрылтай депутаттығына кандидаттар, сенімді өкілдер, сарапшылар және қоғамдық белсенділер бар.
Жоспарға сәйкес, мобильді керуендер бір айға жуық уақытта 10 мыңнан астам адаммен кездеседі. Әр топтың бағыты алдын ала белгіленгенімен, тұрғындар көтерген мәселелерге қарай жұмыс жоспарына өзгеріс енгізілуі мүмкін.
Партия өкілдері жоба нәтижесінде өңірлердің әлеуметтік сұраныстары мен жергілікті бастамалар туралы ауқымды мәлімет қалыптасады деп есептейді. Жинақталған ұсыныстар сайлау науқанынан кейін де сараланып, партияның заңнамалық және қоғамдық жұмысына пайдаланылмақ.
Салтанатты рәсім соңында кандидаттар керуен мүшелеріне сәтті сапар тіледі. Олар жобаның негізгі нәтижесі жүріп өткен жолдың ұзындығымен немесе кездесу санымен емес, тұрғындармен орнатылған мазмұнды диалогпен өлшенуге тиіс екенін атап өтті.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н. Т. Мыңжасаров.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







