Қазақстанда азаматтардың жеке дерегі мен қаржысын кибералаяқтардан қорғауға арналған бірнеше цифрлық сервис жұмыс істейді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қауіпсіздікті күшейтетін құралдарды пайдаланып, қарапайым кибергигиена талаптарын сақтауға кеңес берді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Вице-министр Досжан Мұсалиевтің айтуынша, азаматтар eGov Mobile қосымшасындағы «Stop Credit» сервисі арқылы өз атына несие рәсімдеуге ерікті түрде тыйым сала алады. Мұндай шектеу алаяқтардың бөтен адамның дерегімен қарыз алуына тосқауыл қоюға көмектеседі. Қажет болған жағдайда азамат сервистегі тыйымды өзі алып тастай алады.
Дербес деректерге қолжетімділікті бақылау сервисі жеке мәліметті өңдеуге қай ұйымдарға келісім берілгенін көрсетеді. Азамат күмәнді немесе қажетсіз рұқсатты кері қайтарып, дерегінің таралу аясын шектей алады. Мұндай бақылау жеке ақпараттың заңсыз пайдаланылу қаупін азайтады.
NomadGuard платформасы интернетте жеке деректердің таралу қаупін анықтауға және күмәнді сілтемелерді тексеруге арналған. Сервис фишинг белгілері бар ресурсты алдын ала бағалап, қолданушыны ықтимал қауіптен сақтандыруға көмектеседі. Мамандар бейтаныс адам жіберген сілтемені ашпас бұрын осындай құралдар арқылы тексеруге кеңес береді.
Киберқауіпсіздікке арналған тегін білім беру ресурстары да қолжетімді. UNICEF-пен бірлесіп әзірленген eGov платформасындағы онлайн-курста балалар мен ата-аналарға кибербуллинг, онлайн-груминг және дербес деректерді қорғау жолдары түсіндіріледі. CitizenSec платформасында азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге арналған кибергигиена курстары орналастырылған.
Министрлік SMS-кодты, құпиясөзді және банк картасының деректерін ешкімге хабарламауға шақырды. Күмәнді сілтемеге өтпей, бейтаныс жіберушінің хатына жауап бермей, жеке мәлімет енгізер алдында сайттың немесе қосымшаның мекенжайын мұқият тексеру қажет. Әр аккаунтқа күрделі әрі бір-біріне ұқсамайтын құпиясөз орнатып, екі факторлы аутентификацияны қосқан жөн.
Кибералаяқтар көбіне адамның асығыстығын, қорқынышын және сенгіштігін пайдаланады. Өзін банк, полиция немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырған адам шұғыл әрекет етуді талап етсе, әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне қайта хабарласқан дұрыс. Қаржыға қатысты кез келген шешімді қысыммен емес, ақпаратты бірнеше дереккөзден тексергеннен кейін қабылдау керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







