Freedom Lifestyle Group компаниясының атқарушы директоры Ерлан Есімсейтов дәстүрлі Freedom Impressions Talk алаңында Қазақстандағы мәдени индустрия соңғы жылдары жаңа кезеңге өткенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, билет сату нарығындағы қазіргі өзгерістер ел азаматтарының демалыс мәдениеті өзгергенін көрсетеді. Бұрын билет платформалары үшін негізгі табыс көзі концерттер болған. Алайда 2025 жылдан бастап кинотеатрлар сатылған билет саны бойынша концерттерді басып озған. Бұл көрерменнің мәдени контентті тұтыну әдеті өзгеріп жатқанын аңғартады.
– Бұл ретте мәселенің екінші жағы бар. Кинотеатрлар билет саны бойынша алға шыққанымен, концерт индустриясы қаржылық тұрғыдан негізгі драйвер болып қалып отыр. Себебі концерт билеттерінің орташа бағасы әлдеқайда жоғары. Сондықтан нарықта қызық құбылыс қалыптасты: көлем жағынан кино жеңіп тұр, табыс жағынан концерт көш бастап келеді, – дейді Freedom Lifestyle Group басшысы.
Есімсейтов мұның басты себебі мәдени индустрияның толық цифрлануымен байланыстырды. Бұрын театрға, концертке немесе киноға билет алу үшін арнайы кассаға бару керек болатын. Қазір бірнеше минут ішінде телефон арқылы билет сатып алуға болады. Нәтижесінде мәдени өнім халыққа бұрынғыдан әлдеқайда жақындай түсті.

Freedom Lifestyle Group басшысы келтірген тағы бір маңызды дерек отандық фильмдердің қарқынды өсуі. Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы айларында отандық фильмдерге сұраныс шетелдік контенттен асып түскен. Бұл тек кино саласының табысы емес. Бұл көрерменнің өз өнімін қабылдай бастағанының белгісі.
– Бірнеше жыл бұрын отандық фильмдердің басым бөлігі жергілікті нарықта Голливудпен бәсекелесе алмайтын. Қазір жағдай өзгерген. Көрермен отандық киноны тек қолдау үшін емес, сапасы үшін таңдап жатыр. Мұндай өзгерістің артында мемлекет, продюсерлер, прокат компаниялары мен режиссерлердің ұзақ жылғы еңбегі тұр, – дейді Есімсейтов.
Кино залынан туризмге дейін
Жиын барысында Ерлан Есімсейтовтың сөзінен тағы бір маңызды үрдісті байқадықы. Қазақстандағы мәдени индустрия енді концерт пен киноның айналасында ғана қалып қоймапты. Нарықтың жаңа өсу нүктелері ретінде киберспорт пен цирк аталып отыр. Әсіресе киберспортқа халықаралық аудиторияның қызығушылығы жоғары.
Мұндай турнирлерге шетелден мыңдаған жанкүйер келеді. Яғни, билет индустриясы туризммен тікелей байланыса бастады.
– Бүгінде әлемде концерттер мен спорттық оқиғалар жеке бизнес емес, тұтас қала экономикасының драйверіне айналған. Бір концерт қонақүйге, мейрамханаға, таксиге, әуе компанияларына және шағын бизнеске табыс әкеледі. Қазақстан да осы үрдіске біртіндеп қосылып жатыр, – дейді спикер.
Білікті маман мәдени индустрияны тек билет сатумен өлшеу қате екенін айта келеғ оның әсері әлдеқайда кең екенін тілге тиек етті. Кино, театр, концерт және спорт қоғамның мәдени деңгейіне ықпал етеді. Қалаға турист тартады. Жаңа инфрақұрылымның пайда болуына жол ашады.
Сондықтан Freedom Holding пен Ticketon халықаралық деңгейдегі А және А+ санатындағы ірі жұлдыздарды Қазақстанға әкелуге қызығушылық танытып отыр. Мұндай жобалар кейде қаржылық тұрғыдан тиімді болмауы мүмкін. Бірақ олардың ел имиджіне, туризмге және қоғам көңіл-күйіне әсері әлдеқайда жоғары.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан қазір мәдени индустрияны тұтынушы елден оны экспорттай алатын деңгейге қарай жылжып келеді. Ал кинотеатрлардың концерттерді басып озуы, қазақстандық фильмдердің шетелдік өнімнен алға шығуы және киберспорттың жаңа нарыққа айналуы осы өзгерістің алғашқы белгілері ғана.
Алдағы бірнеше жылда мәдениет пен ойын-сауық индустриясы экономикадағы маңызды секторлардың біріне айналуы әбден мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







