Алматы облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды шара өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Күннің басты оқиғасы Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы Орталық саябақта ұйымдастырылған телекөпір болды. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, еліміздегі экологиялық даму, көгалдандыру, абаттандыру, жануарларға қамқорлық көрсету және қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
Президент өз сөзінде «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» қағидаттары біртұтас құндылықтар жүйесін құрайтынын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру маңызды. Ал «Таза Қазақстан» халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық идеяға айналуы тиіс.

Алматы облысындағы шараға өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев, мемлекеттік орган өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдары, волонтерлер, бизнес өкілдері және тұрғындар қатысты. Телекөпірден кейін қатысушылар ағаш отырғызу жұмысына кірісті. Акция аясында саябақ аумағына 100 түп жас көшет егілді.
700 гектар тазарып, 2 мың тонна қоқыс жойылды
Марат Сұлтанғазиев экологиялық бастаманың мәні тек сенбілік өткізумен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, тазалық әр адамның өзінен басталады. Өңір басшысы көгалдандыру халық денсаулығын жақсартуға, экологиялық ахуалды оңалтуға және келешек ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыруға қосылатын нақты үлес екенін атап өтті.
Сол күні Қонаев қаласында да үлкен сенбілік өтті. «Алматы – Өскемен» тасжолы бойында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Әсемтас» пен «Жұлдыз» шағынаудандары арасында және әскери бөлімдер аумағында 1000 түп ағаш отырғызылды.
Алматы облысында елді мекендерді көгалдандыру, аумақтарды абаттандыру және экологиялық мәдениетті күшейту бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді. Өткізілген сенбіліктерге өңір бойынша шамамен 40 мың адам қатысып, 19 мыңға жуық көшет отырғызылды. 700 гектар аумақ тазартылып, 2 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2026 жылғы 28 ақпаннан 23 сәуірге дейін Алматы облысында 700-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Оған 344 мыңнан астам адам қатысты. Осы кезеңде 60 мыңға жуық ағаш егілді.
Өңірдің 2026–2030 жылдарға арналған көгалдандыру жоспарына сәйкес, жыл сайын шамамен 220 мың түп ағаш отырғызу көзделіп отыр. Экологиялық акциялар табиғатты қорғау мен туған жерді көркейту ісі барлық буын мен кәсіп өкілдерін біріктіретін ортақ жауапкершілік екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Алматы облысында Ұлттық кітап күні аясында ауқымды әрі мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







