Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінде алдағы Құрылтай сайлауына арналған жалпы отырыс өтті. Жиында жаңа Конституция нормалары, азаматтардың саяси үдеріске қатысуы және сайлау мәдениетінің қалыптасуы талқыланды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қоғамдық кеңес мүшесі Дмитрий Лактюшин алдағы сайлауды Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі деп бағалады. Оның айтуынша, саяси кеңістікке жаңа тұлғалардың келуі, партияаралық бәсекенің күшеюі және ашық пікірталастардың өтуі саяси мәдениеттің біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.
– Біз жаңа адамдардың, жаңа саясаткерлердің келіп жатқанын, саяси бәсекелестіктің жаңа мәдениеті қалыптасып, пікірталастардың өтіп жатқанын көріп отырмыз. Азаматтық қоғам өкілі ретінде бұл маған үлкен оптимизм ұялатады, – деді Дмитрий Лактюшин.
Оның пікірінше, сайлау тек саяси партиялар арасындағы бәсекемен шектелмейді. Азаматтардың дауыс беру процесіне саналы қатысуы өкілді институттардың легитимдігіне және қоғам мен мемлекет арасындағы саяси байланыстың сапасына ықпал етеді.
Лактюшин сайлаушының таңдауы ақпаратты салыстыруға, партиялардың бағдарламаларын зерделеуге және ұсынылған бастамаларды саралауға негізделуі маңызды екенін атап өтті. Мұндай тәсіл азаматтық жауапкершілікті күшейтіп, саяси бәсекенің мазмұнын тереңдетеді.
Қоғамдық кеңес мүшесінің айтуынша, жаңа Құрылтайдың қалыптасуы конституциялық өзгерістерді практикалық саяси кезеңге шығарады. Сондықтан сайлау науқаны азаматтардың қоғамдық-саяси үдеріске қатысу мәдениетін де сынға салмақ.
Жиында сайлау барысында заң талаптарын сақтау, ашық пікірталас мәдениетін дамыту және азаматтардың саяси таңдауына құрметпен қарау қажеттігі де атап өтілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







