Шетелде ауыр жағдайда қалған қазақстандықтарды санитарлық авиация арқылы елге жеткізу арнайы тәртіп бойынша жүргізіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, егер азамат шетелдегі медициналық ұйымда ем алып жатса және жағдайына байланысты өздігінен Қазақстанға қайта алмаса, оның отбасы сол елдегі Қазақстан консулдығына өтініш бере алады. Қажетті құжаттар жиналғаннан кейін консулдық өтінімді Сыртқы істер министрлігіне, кейін Денсаулық сақтау министрлігіне жолдайды.
Осыдан соң Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медициналық атқарушы комитеті пациенттің құжаттарын қарап, оның жағдайын бағалайды. Шешімді орталық басшылығы мен бейінді мамандар бірлесіп қабылдайды.
Санитарлық авиация көбіне өздігінен тыныс ала алмайтын, комада жатқан, тұрақты медициналық сүйемелдеуді қажет ететін, ауыр жарақат алған немесе жерүсті көлігімен, кәдімгі жолаушылар рейсімен тасымалдауға келмейтін пациенттерге қолданылады.
Сондай-ақ шетелде төтенше жағдай немесе төтенше режим енгізілген кезде стационарда жатқан қазақстандықтарды елге жеткізу мәселесі қаралуы мүмкін.
Министрлік мұндай шешім қабылданғанда тек қағаздағы талаптар ғана емес, ұшу кезіндегі қауіп те ескерілетінін атап өтті. Негізгі мақсат – науқастың жол үстінде жағдайын нашарлатып алмау.
Санитарлық авиация шешіміндегі басты өлшем
Егер тасымалдау мақұлданса, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мамандары пациент жатқан елге ұшып барады. Ұшақ алдын ала қажетті медициналық жабдықтармен қамтылады. Науқас бортқа қабылданған сәттен бастап оның жағдайына орталық қызметкерлері жауап береді. Кейін пациент Қазақстандағы облыстық, республикалық немесе елордалық клиникалардың біріне жеткізіледі.
Дегенмен санитарлық авиация барлық жағдайда жіберіле бермейді. Егер пациентті жерүсті көлігімен немесе қарапайым азаматтық рейспен жеткізуге болса, арнайы әуе тасымалына рұқсат берілмеуі мүмкін. Сондай-ақ ауыр гипоксия, қан айналымының күрделі бұзылысы, вазопрессорлар мен лактат көрсеткіштерінің жоғары болуы тасымалдауға қарсы көрсетілім саналады. Мұндай жағдайда ұшу науқас үшін тым қауіпті болуы ықтимал.
Шетелден пациент жеткізу республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Мемлекет ұшуды ұйымдастыру, басқару және үйлестіру жағын қамтамасыз етеді.
Ал авиациялық қызметтерді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен жылдық келісімшарт жасайтын жеке авиациялық операторлар көрсетеді. Ұшу құны мемлекеттік сатып алу арқылы ең төмен баға ұсынған оператор негізінде анықталады.
Министрліктің айтуынша, пациентте сақтандыру болған күннің өзінде, көп жағдайда сақтандыру төлемі мұндай тасымал шығынын толық жаппайды.
Халықаралық санитарлық авиацияны ұйымдастыруда қиындықтар да бар. Кей кезде шетелдік клиника пациенттің жағдайы туралы толық медициналық ақпарат бермейді. Мұндайда қосымша сұрау жіберіліп, шешім қабылдау уақыты ұзарады. Сонымен қатар халықаралық әуе тасымалына арналған қызметті сатып алу рәсімдері де белгілі бір уақыт алады.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2024 жылы шетелдік клиникалардан Қазақстанға 12 пациент жеткізілген. 2025 жылы – 9 адам, ал 2026 жылдың басынан бері 8 пациент санитарлық авиация арқылы елге қайтарылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







