Жамбыл облысында көліктерге заңсыз қосымша жанармай багын орнатқан техникалық қызмет көрсету орындары анықталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қордай ауданында полиция қызметкерлері мемлекеттік кірістер органдарының өкілдерімен бірлесіп арнайы рейд жүргізді. Тексеру барысында қосымша жанармай бактарын орнатумен айналысатын 16 техникалық қызмет көрсету станциясы бақылаудан өтті.
Нәтижесінде алты станция иесіне қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай заңсыз өзгерістер көбіне жанармайды шекара арқылы көп көлемде тасымалдау мақсатында жасалады.
Полиция соңғы бір айдың өзінде ел аумағынан шамамен 12 тонна жанар-жағармай материалын заңсыз шығарудың жолын кескен. Сонымен қатар қосымша жанармай багымен қайта жабдықталған 54 автокөлік анықталған.
Аталған көліктердің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі таңда мемлекеттік шекарадағы 48 автомобиль өткізу бекетінде патрульдік полицияның 59 бекеті жұмыс істеп тұр. Құқық қорғау органдары жанармайдың заңсыз тасымалына қарсы бақылауды күшейткен.
Әсіресе шекараға жақын орналасқан Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарына ерекше назар аударылуда. Бұл өңірлерде жанармайды сыртқа шығаруға байланысты құқық бұзушылықтар жиі тіркеледі.
Мамандардың айтуынша, қосымша жанармай бактарын заңсыз орнату тек экономикалық мәселе емес, жол қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді. Өйткені көлік конструкциясына рұқсатсыз өзгеріс енгізу апат кезінде өрт шығу қаупін арттыруы мүмкін.
Полиция шекара маңындағы аудандарда бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлады. Құқық қорғау органдары жанармайдың заңсыз айналымына және көліктерді рұқсатсыз қайта жабдықтауға қарсы жұмыстарды күшейтіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







