Ұлттық теміржол компаниясының басшылығы ауысты. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болып Елжас Отыншиев тағайындалды. Тиісті шешімді «Самұрық-Қазына» қорының басқармасы қабылдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Елжас Отыншиев Мәскеу физика-техникалық институтында «Жалпы және қолданбалы физика» мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны тәмамдаған. Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде бастаған.
2009–2019 жылдары «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес компанияларында еңбек етті. 2021–2023 жылдары KIDF құрылымында инвестициялық портфельді басқаруға жетекшілік еткен.
2023 жылғы сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры әрі басқарма мүшесі болды. Осы қызметінде қордың теміржол, мұнай-газ және тау-кен салаларындағы портфельдік компанияларына жауап берді.
Отыншиев 2024 жылғы ақпаннан бері ҚТЖ директорлар кеңесінің құрамында. 2023 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған.
Бұған дейін ҚТЖ басқарма төрағасы қызметін Талғат Алдыбергенов атқарған еді. Ол лауазымынан босатылғаннан кейін компания басшысының міндеті уақытша Бауыржан Орынбасаровқа жүктелді.
Кадрлық шешім ұлттық тасымалдаушының жұмысы Үкімет сынына іліккен тұста қабылданып отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов бұған дейін ҚТЖ басшылығына негізгі инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетіп, компания жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







