Қайрат Нұртастың ата-анасы құдағиы Дана ханымның туған күнін табиғаты әсем жерде атап өтіп, ерекше құрмет көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Көпшілікке өнерлі әулет ретінде танылған отбасының бұл басқосуы қазақы жол мен үлкенге құрметтің әдемі үлгісіндей көрінді. Дастарқан басында айтылған жылы сөз, көрсетілген ілтипат, құда-жекжат арасындағы сыйластық көрген жанға жақсы әсер қалдырды.
Әсіресе Нұртас ағамыздың құдасы Әлиханға ілтипат танытып, «сүтті шай ішесіз бе, әлде қара шай ма?» деп жігі-жапар болды. Қазақы ортада мұндай ишараның салмағы бөлек қой. Ол адамның қонаққа ғана емес, құдаға деген құрметін, жөн білетінін, жол сақтайтынын көрсетеді.
Қазақ «Күйеу жүз жылдық, құдалық мың жылдық» деп бекер айтпаған. Құдалық тек екі жастың бас қосуымен шектелмейді. Бұл екі әулеттің араласуы, сыйласуы, бір-біріне жақын бола түсуі. Сол себепті құданы құрметтеу, құдағиды қадірлеу ел ішінде қашан да үлкен өнеге саналған.
Бүгінде кей ортада туыстық қатынас сиреп, үлкен мен кіші арасындағы әдеп көмескіленіп бара жатқаны анық. Осындай кезде елге танымал адамдардың ұлттық дәстүрге сай ізет көрсетуі өте орынды.
Қайрат Нұртастың ата-анасы бұл жолы сән-салтанатпен емес, қарапайым сыйластықпен есте қалды. Дана ханымның туған күніндегі жылы басқосу құдалықтың қадірін, қазақы тәрбиенің мәнін тағы бір еске салғаны анық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







