«Әділет» партиясы алдағы додада парламенттегі мандаттың басым бөлігін иеленіп қалуды көздеп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Партияның саяси кеңес мүшесі Марат Шибұтовтың мәлімдеуінше, «Аманатпен» біріккен жаңа құрылым Құрылтайдағы 100-ден 120-ға дейінгі депутаттық орынды жұлып алмақ.
Сарапшының пайымдауынша, қос тараптың бір-біріне ұсынары бар. «Әділеттіктер» әлі былғана қоймаған беделі мен әдемі атауын бұлдаса, экс-аманаттықтар дайын аймақтық филиал мен мәслихаттағы ықпалын кеңінен пайдаланбақ.
«Су жаңа партия Amanat-тың дайын электорына ортақтасып отыр деген пікір қисынсыз. «Әділеттің» сапында бұрын ешбір саяси ұйымның қатарында болмаған жаңа адамдар жетіп артылады. Бізде ме, бізде бренд бар, танымалдық бар, ресурс бар. Amanat біздің арқамызда «Нұр Отан» деген ауыр жүктен арылып, Құрылтайға күнәдан тазарып кіреді», — дейді Шибұтов.
Жаңа Парламенттегі 145 орынның 80 пайызына жуығын Айбек Дәдебай басқаратын жетекші күш иеленсе, өзгелерге орын жетпей қалуы әбден мүмкін. Елімізде ресми тіркелген сегіз партияның үшеуі әзір өз съезін өткізіп үлгерді.
Шибұтовтың айтуынша «Әділетке» жұтылған Amanat-тың репутациясы жаңа ұйымның беделіне сызат түсірмеу үшін партиялық тізімде бастан-аяқ жаңарту жүреді.
«Партияның сайлауалды бағдарламасы мен үміткерлер тізімінде ескі жүйені еске салатын есімдердің көлбеңдемеуіне көбірек көңіл бөлеміз», — дейді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







