Қазақстан Қытай қор нарығында юаньмен номинацияланған алғашқы панда-облигацияларын сәтті орналастырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылғы 26 мамырда жүзеге асқан дебюттік шығарылым көлемі 3,4 млрд юаньды құрады. АҚШ долларымен есептегенде бұл шамамен 500 млн доллар. Облигацияның айналыс мерзімі – 3 жыл, жылдық купондық мөлшерлемесі – 1,9 пайыз.
Өтінімдер кітабын қалыптастыру кезінде инвесторлар сұранысы ұсыныстан 2 есе асып түсті. Қаржы министрлігінің мәліметінше, мұндай көрсеткіш Қытайдың институционалдық инвесторлары Қазақстан экономикасының тұрақтылығына, макроэкономикалық көрсеткіштеріне және мемлекеттік қарыз деңгейінің төмендігіне сенім білдіріп отырғанын көрсетеді.
Қазақстан BBB рейтингі бар елдер арасында Қытай нарығына ең төменгі мөлшерлемемен шыққан ел ретінде рекорд орнатты. Сонымен қатар орналастыру мөлшерлемесі AA рейтингі бар елдер деңгейіндегі ең төмен көрсеткіштермен шамалас болды.
Рекордтық төмен купондық мөлшерлеме елде жүргізіліп жатқан фискалдық және салықтық реформалармен, сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси өзгерістермен байланыстырылып отыр.
Панда-облигацияларды орналастыру қазақстандық квазимемлекеттік және корпоративтік эмитенттер үшін болашақта Қытай нарығына шығуға бағдар қалыптастырды. Яғни бұл мәміле тек бір реттік қарыз алу құралы емес, Қазақстан компаниялары үшін жаңа қаржылық жол ашатын бенчмарк ретінде маңызды.
Аталған қадам Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтудағы тағы бір маңызды кезең болды. Сонымен қатар екі ел арасындағы қаржылық және инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеп келе жатқанын көрсетті.
Панда-облигациялар Пекин қаржы активтері биржасында және «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында листингтен өтеді. Мұндай қос листинг Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржылық байланысты күшейтіп, АХҚО алаңының өңірлік қаржы инфрақұрылымындағы рөлін арттыруға ықпал етеді.
Қаржы министрлігі мемлекеттік қарыз алу саясаты борыштық портфельді әртараптандыруға, қарызға қызмет көрсету құнын төмендетуге және халықаралық инвесторлардың Қазақстанның егеменді кредиттік бейініне сенімін сақтауға бағытталғанын мәлімдеді.
Орналастыру сыртқы мемлекеттік қарыз алудың бекітілген бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Мемлекеттік қарыз деңгейі ЖІӨ-нің 20 пайызы шамасында сақталып отыр. Белгіленген лимит 32 пайыз екенін ескерсек, бұл қауіпсіз әрі басқарылатын деңгей саналады және әлем елдері арасындағы төмен көрсеткіштердің бірі болып қала береді.
Қазақстан үшін панда-облигациялар нарығына шығу – сыртқы қаржы көздерін әртараптандыруға жасалған нақты қадам. Юаньмен қарыз алу Қытай капиталына жол ашып қана қоймай, елдің қаржы саясатына жаңа икем береді. Енді маңыздысы – алынған қаржының тиімді жұмсалуы және осындай сенімді болашақтағы инвестициялық жобаларға дұрыс бағыттау.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







