Қазақстанда инфляция 11 ай қатарынан баяулап, тамызда 9,8 пайызға түсті. Соған қарамастан, Ұлттық банк бағаның қайта үдеу қаупі сақталғанын ескертіп, базалық мөлшерлемені бұдан әрі төмендетуге мүмкіндік шектеулі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Реттеуші 2026 жылғы тамыз айындағы ақша-кредит саясаты туралы баяндамасын жариялады. Құжатта базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға дейін төмендетудің себептері, алдағы инфляция болжамы және экономикаға төнетін негізгі қауіптер көрсетілген.
Жылдық инфляция тамызда 9,8 пайызға дейін баяулағанымен, айлық баға өсімі әлі де жоғары. Тамызда тауарлар мен қызметтер бір айда 0,6 пайызға қымбаттады. Маусымдық факторлардан тазартылған көрсеткіш 0,7 пайыздан 0,9 пайызға дейін үдеген.
Азық-түлік бағасы бір жылда 9,5 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,4 пайызға, ақылы қызметтер 8,9 пайызға қымбаттаған.
Ұлттық банк инфляцияның баяулауына қатаң ақша-кредит саясаты, теңгенің нығаюы және Үкіметтің бағаны тежеу шаралары ықпал еткенін атап өтті. Әсіресе көкөніс пен жеміс бағасының төмендеуі азық-түлік инфляциясын бәсеңдеткен.
Күшті теңге мен нарықтағы ұсыныстың сұраныстан асып кетуі автомобиль бағасына да әсер еткен. Реттеуші автокөліктердің арзандауы инфляцияны төмендеткен факторлардың бірі болғанын көрсетеді.
Алайда жанар-жағармайдың қымбаттауы, өндірушілер шығынының өсуі және халықтың жоғары тұтынушылық сұранысы бағаның жылдам түсуіне кедергі келтіріп отыр.
2027 жылдың болжамы нашарлады
Ұлттық банк 2026 жылғы инфляция болжамын 9–11 пайыз деңгейінде қалдырды. Ал 2027 жылға арналған болжам бұрынғы 5,5–7,5 пайыздан 6,5–8,5 пайызға дейін көтерілген.
Бұған сыртқы нарықтағы бағаның өсуі, коммуналдық тарифтерге қатысты жаңа есеп және мемлекеттік шығындардың артуы себеп болған.
Ұлттық банк инфляцияның 5 пайыздық межеге тек 2028 жылы жақындайтынын болжап отыр. Оған дейін ақша-кредит саясаты біршама қатаң күйінде сақталады.
Реттеуші 2027–2028 жылдары коммуналдық қызмет тарифтері «инфляция плюс 5 пайыз» формуласы бойынша өсуі мүмкін екенін ескерген. 2028 жылы үстеме көрсеткіш 3 пайызға дейін төмендейді.
Жанар-жағармай бағасының өсуі де бірден тоқтамайды. Оның тікелей әсері бензин мен дизель құнынан көрінсе, жанама салдары тасымал, өндіріс және сауда шығыны арқылы өзге тауарлардың бағасына таралады.
Ұлттық қордан алынатын 5 трлн теңге бағаға қысым түсіреді
Ұлттық банктің бағалауынша, мемлекеттік және квазимемлекеттік қаржыландыру алдағы жылдары экономикалық белсенділікті арттырғанымен, инфляцияны да қоздыруы мүмкін.
2027–2029 жылдары Ұлттық қордан жалпы сомасы 5 трлн теңге нысаналы трансферт бөлу жоспарланған. Қаражат стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Жобалар аяқталғаннан кейін өндірістік мүмкіндік кеңейіп, экономикаға ұзақ мерзімді пайда әкелуі ықтимал. Алайда құрылыс жүріп жатқан кезеңде жалақыға, тауарларға, қызметтерге және импорттық жабдыққа сұраныс өседі. Бұл ішкі нарықтағы бағаға қосымша қысым түсіреді.
«Бәйтерек» холдингі арқылы экономиканы квазимемлекеттік қаржыландыру көлемі алдағы жылдары 8 трлн теңге деңгейінде болады деп күтіледі. Ұлттық банк мұның да инфляциялық ықпалы бар екенін ескертіп отыр.
Осы себепті базалық мөлшерлеменің алдағы уақытта жылдам төмендеуі екіталай. Ұлттық банк қыркүйекте оны 16,75 пайыздан 16,25 пайызға түсіргенімен, кейінгі шешімдер нақты инфляцияға, ішкі сұранысқа, тарифтер мен бюджет шығындарына қарай қабылданады.
Экономика өсуін жалғастырады
Ұлттық банк 2026 жылғы экономикалық өсім болжамын 4,5–5,5 пайыз деңгейінде сақтады. Бірінші жартыжылдықта Қазақстан экономикасы 4,1 пайызға өскен.
Негізгі қозғаушы күш ішкі сұраныс, инвестициялық жобалар мен құрылыс. Шикізатқа жатпайтын салалардағы өндірістің артуы да экономикаға қолдау көрсетіп отыр.
2027 жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 3,5–4,5 пайыз аралығында болады. Теңіз кен орнындағы күрделі жөндеу салдарынан мұнай экспорты азайып, жалпы өсімді тежейді. Ал 2028 жылы экономика 4–5 пайызға ұлғаяды деген болжам бар.
Импортқа деген сұраныс та жоғары болып қала береді. Инфрақұрылымдық жобаларға қажетті техника, жабдық және құрылыс материалдарының басым бөлігі шетелден сатып алынады. Ұлттық банк 2026–2028 жылдары тауар импортының көлемі 71,2–74,3 млрд доллар аралығында болатынын есептеген.
Халық доллардан теңгеге бет бұрған
Қатаң ақша-кредит саясаты теңгелік депозиттердің тартымдылығын арттырды. 2026 жылғы шілдеде банктердегі салымдардың жалпы көлемі бір жыл бұрынғыдан 20,1 пайызға көбейген.
Өсімнің негізгі бөлігін теңгемен сақталған қаражат қамтамасыз етті. Жеке тұлғалар депозиттерінің долларлану деңгейі 15,5 пайызға дейін төмендеген.
Ұлттық банк халықтың жинақ сақтау үлгісі өзгеріп келе жатқанын байқайды. Теңгелік салымдар көбейіп, азаматтар мерзімді және жинақ депозиттеріне жиі ақша сала бастаған.
Несие нарығындағы белсенділік те сақталып отыр. Бөлшек несие портфелі бір жылда 13,7 пайызға, бизнеске берілген жаңа несиелер 17,6 пайызға өскен. Ипотеканың өсу қарқыны әлі де жоғары.
Ұлттық банктің баяндамасынан шығатын негізгі қорытынды, инфляция төмендей бастады, бірақ оны жеңдік деуге ерте. Ұлттық қордан бөлінетін қаржы, бюджет шығындары, тарифтер мен жанармай бағасы 2027 жылы бағаны қайта жеделдетуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







