Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауал жолдады. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы автотуризм көлемі артып, екі елдегі талаптар арасында теңгерім жоқ екенін мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, Қытай аумағына жеке көлігімен кіретін қазақстандықтар бірнеше міндетті рәсімнен өтеді. Олардың қатарында уақытша әкелу рәсімі, уақытша жүргізуші куәлігін алу, уақытша тіркеу куәлігі мен арнайы нөмір белгісін рәсімдеу, сақтандыру алу, құжаттарды аудару және нотариалдық куәландыру, сондай-ақ кепілдік-бақылау рәсімдері бар.
Болатбек Нәжметдинұлының мәліметінше, бұл қызметтердің барлығы ақылы негізде көрсетіледі. Бір автокөлік үшін рәсімдердің жалпы құны шамамен 8-9 мың юаньға немесе 560 мың теңгеге дейін жетеді.
Оның пікірінше, Қытай тарапы шетелдік көліктерді бақылап қана қоймай, осы рәсімдер арқылы ресми табыс та алып отыр. Ал Қазақстан аумағына кіретін шетелдік, оның ішінде қытайлық көліктер үшін талаптар әлдеқайда жеңіл.
Депутаттың дерегіне сәйкес, 2025 жыл және 2026 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанға 8 мыңнан астам қытайлық автокөлік кірген. Егер Қазақстан да ұқсас тетік енгізсе, тек осы көлемнің өзінен бюджет пен сервистік инфрақұрылымға шамамен 5 млрд теңге көлемінде қосымша кіріс түсуі мүмкін.
Сонымен қатар бұл қаражат шекара және кеден қызметтерінің шығындарын өтеуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Мәжіліс депутаты бұл ұсыныстың туризмді шектеуге бағытталмағанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мәселе құқықтық теңдік, қауіпсіздік, бақылау және мемлекеттік шығындардың өтелуі туралы болып отыр.
Осыған байланысты Болатбек Нәжметдинұлы Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, шетелдік көліктерді қабылдауға жұмсалатын мемлекеттік шығындарды талдау, қауіпсіздік мақсатында уақытша тіркеу мен уақытша нөмір белгілерін енгізу мүмкіндігін қарастыру және әкімшілік алымдарды белгілеу мәселесін зерттеу сұралды.
Сондай-ақ депутат Қазақстан азаматтарына Қытай тарапы қоятын талаптарды ескере отырып, теңгерімді әрі өзара тиімді тәсіл әзірлеу қажеттігін айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







