Қытай азаматшасын Lexus көлігіне отырғызып, елсіз жерге апарып зорлады деген күдікке ілінген Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев қамауға алынды. Резонансты істен кейін мәлімдеме жасаған Түркістан облысының әкімдігі ауыр айыптың мән-жайына емес, Қытайдан келген қонақтардың инвестор болмағанына екпін берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматы тұрғыны Түркістан облысына Қытайдан инвесторлар алып келгені туралы ақпарат тарады. Жазба авторларының сөзінше, шетелдік қонақтарды қарсы алған депутат 34 жастағы Қытай азаматшасын өзінің Lexus көлігіне отырғызған.
Одан кейін әйелді елсіз жерге апарып, зорлады деген күдік айтылды. Алайда қоғамды дүрліктірген ауыр айыпқа қатысты түсінік берген әкімдік істің өзегіне емес, шетелдіктердің мәртебесіне тоқталды.
Өңір билігінің мәліметінше, оқиғада аты аталған Қытай азаматтары ресми инвестор саналмайды.
«Шетел азаматтарының ресми инвестор мәртебесі жоқ және олар өңір аумағында инвестициялық жоба жүзеге асыратын субъект ретінде тіркелмеген. Қолда бар ақпарат бойынша, облысқа жеке тәртіппен келген және жергілікті атқарушы органдар сүйемелдейтін инвесторлар тізіміне кірмейді», – делінген әкімдік жауабында.
Әкімдік Қытай азаматтарын «инвестор» деп атау шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, ақпарат құралдарын тек расталған дерекке сүйенуге шақырды.
Ал Түркістан облысының полиция департаменті Ерғали Аманбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.
«Күдікті Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, қамауға алынды», – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органы қазір оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп жатыр. Полиция тергеу құпиясына сілтеме жасап, істің өзге деректерін ашқан жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







