Маңғыстау облысында Ыбықты Сай шатқалындағы тас жыныстарға жазу қалдырған жас жігіт анықталып жауапқа тартылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тексеріске әлеуметтік желідегі жазба себеп болған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, интернетке мониторинг жүргізу кезінде полиция қызметкерлері белгісіз адамның жартастарға өз аты мен көлігінің мемлекеттік нөмірін жазған фото-видеоны байқаған.
Жедел-іздестіру шараларынан кейін тәртіп бұзған адамның кім екені анықталды. Ол 2005 жылы туған азамат болып шықты.
Жас жігітке қатысты ұсақ бұзақылық бойынша материал толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сонымен қатар оған өз әрекетінің салдарын жоюға тура келген. Құқық бұзушы тастағы жазуды өшіріп, Ыбықты Сай аумағын бастапқы қалпына келтірді.
Полиция табиғи және тарихи нысандар ортақ мұра екенін, оларға ұқыпты қарау қажеттігін еске салды.
«Мүлікті бүлдіру, жазу жазу және қоғамдық тәртіпті бұзу заң бойынша жауапкершілікке әкеледі», деп мәлімдеді полиция.
Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіге мониторинг жалғасатынын хабарлады. Табиғи және тарихи ескерткіштерге қатысты вандализм деректері құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмайды.
Айтқандай, Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік амнистия қатар әзірленіп жатыр. Алдын ала есеп бойынша қылмыстық амнистия шамамен 17 мың адамға әсер етуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







