Әлемге танымал саяхатшы әрі деректі фильм авторы Джо Хаттабтың Қазақстанға арналған жаңа туындысы YouTube-та жарық көріп, қысқа уақытта үлкен аудитория жинай бастады. Фильм блогердің Қазақстан бойынша Дастан Мұхамедрахыммен бірге жасаған сапарының нәтижесінде түсірілген, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым, әлеуметтік желіде bydastann есімімен танымал, фильмнің жарыққа шыққанын хабарлап, сапар кезінде Джо Хаттабқа Қазақстанды таныстыруға және бағыт көрсетуге көмектескенін айтты.
Жаңа туынды Қазақстан табиғатын кинематографиялық ракурста көрсетеді. Кадрларда Іле Алатауындағы лаванда алқаптары, Маңғыстаудың басқа ғаламшарды елестететін пейзаждары және Астананың футуристік архитектурасы қамтылған.
Фильмнің визуалдық шешімі де көрермен назарын бірден аударған. Қазақстанның табиғи контрастары мен заманауи қалалары бір сюжетке біріктіріліп, елдің туристік бейнесін халықаралық аудиторияға өзгеше форматта ұсынып отыр.
Дастан Мұхамедрахым Джо Хаттабтың бұған дейін Сальвадордағы түрмеде түсірген танымал фильмін де мысалға келтірді. Аталған видео шамамен 100 млн қаралым жинап, астында 51 мыңға жуық пікір қалдырылған. Ол блогердің ең көп талқыланған жұмыстарының біріне айналған.
Қазақстандық блогер енді осы көрсеткішті жаңа фильм үшін өзіндік меже ретінде белгілеп отыр. Ол аудиторияны Қазақстан туралы видеоны қолдап, пікір саны бойынша Джо Хаттаб арнасындағы жаңа рекорд орнатуға атсалысуға шақырды.
Қазақстандық көрермендер бастамаға белсенді қосылып жатыр. Фильм астындағы пікірлер мен реакциялардың өсу қарқыны оның Джо Хаттабтың ең танымал жобаларының қатарына енуіне мүмкіндік беретінін байқатады.
Сапарға MegaAmerican есімімен танылған Instagram тревел-блогер де қатысқан. Осылайша бірнеше халықаралық аудиториясы бар контент авторының Қазақстан бойынша ортақ сапары елдің табиғаты мен туристік әлеуетін миллиондаған көрерменге көрсетуге мүмкіндік берді.
Жаңа фильмнің маңызы тек қаралым санымен өлшенбейді. Әлемдік аудиториясы қалыптасқан автордың Қазақстанды жеке деректі жобаға арқау етуі елдің туристік имиджін халықаралық деңгейде танытатын қуатты медиаэффект қалыптастырып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







