Депутат Николай Арсютин көлікті мас күйде жүргізгендерге қолданылатын жазаны жұмсартуды тағы көтерді. Ол жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін қазіргі 7 жылдан 4 жылға дейін қысқартуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айтуынша, Қылмыстық-әкімшілік кодекстің 608-бабына қатысты халық тарапынан шағымдар көп түскен. Бап қоғамда да, Мәжіліс қабырғасында да қызу пікірталас тудырып отыр.
«Мен осы бап бойынша толық рақымшылық жасауды ұсынып отырған жоқпын. Ең құрығанда жаза мерзімінің жартысын өтеген азаматтарға жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін 4 жылға қысқартуды қарастырсақ дұрыс болар еді», – деді Николай Арсютин.
Алайда Ішкі істер бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Сәденовтың орынбасары Санжар Әділов ведомство ұстанымының өзгермейтінін мәлімдеді.
«Жаза мерзімін жұмсарту туралы ешбір ұсыныс қабылданбайды. Өле мас, шала мас күйінде көлік жүргізу адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет. Оның салдары көбіне қайғылы оқиғаға әкеп соғады», – деді Санжар Әділов.
Ішкі істердің дерегі мен дәйегі
Министрлік мәліметі бойынша, 2026 жылдың алғашқы бес айында мас жүргізушілер кесірінен 144 жол апаты болған. Салдарынан төрт адам қаза тауып, 212 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. 2025 жылы дәл осы себептен 673 жол апаты тіркелген, онда 56 адам қаза болған. Қайтыс болғандар арасында бала да бар.
Ішкі істердің хабарлауынша, полиция мас күйде көлік жүргізуге «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстанады. Сондықтан қазіргі кезде жаза мерзімін қысқарту туралы мәселе қаралып жатқан жоқ.
Ал Арсютин ұсынысты алғаш ақпан айында көтерген. Депутат 7 жылдық жаза мерзімі тым қатал шара екенін алға тартып, жазаның қылмыстың ауырлығына, апаттың дәрежесіне және жүргізушінің қанындағы алкоголь мөлшеріне қарай жіктелмейтінін айтқан-тын.
Президент Тоқаев мас күйінде көлікке отыратын азаматтарға жазаны керісінше қатаңдатуды тапсырған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







