Президент Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Астана Бейжіңмен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтып, оған жаңа мазмұн беруге дайын, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы бұл туралы Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне берген жазбаша сұхбатында айтты. Ол екі елді ортақ шекара ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан тату көршілік тарихы байланыстыратынын атап өтті.
«Қазақта “Жолы бірдің – жүгі бір” деген сөз бар. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүддесіне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызды факторы саналады», – деді Тоқаев.
Президент Қытай төрағасы Си Цзиньпинге Қазақстанға деген ізгі ықыласы үшін алғыс білдірді. Екі ел басшылары арасындағы тұрақты саяси диалог қазақ-қытай стратегиялық серіктестігінің негізгі өзегіне айналғанын айтты.
Қытай Қазақстанның басты сауда серіктесіне айналды
Тоқаевтың сөзінше, екіжақты серіктестік сауда мен инвестициядан бөлек энергетика, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениет саласын қамтыған.
Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орынға шықты. Екі ел арасындағы тауар айналымы жыл сайын жаңа рекорд орнатып келеді.
Президент көлік пен логистиканы ынтымақтастықтың стратегиялық бағыты ретінде атады. Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғайтын табиғи көпір саналады. Ендігі міндет – елдің географиялық мүмкіндігін Еуразия деңгейіндегі заманауи көлік инфрақұрылымына айналдыру.
«“Бір белдеу, бір жол” мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысының мүлде жаңа құрылымын қалыптастырады», – деді Президент.
Орта дәліз аталып кеткен Транскаспий бағыты Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды көлік арнасына айналып келеді. Тоқаев маршруттың бәсекеге қабілетін арттыру үшін «ақылды кеден» жүйесін енгізіп, құжат айналымын цифрландыру және шекара рәсімдерін автоматтандыру қажет екенін айтты.
Жаңа серіктестіктің өзегіне технология шығады
Мемлекет басшысы қазақ-қытай қатынасындағы келесі үлкен бағыт цифрлық экономика мен жоғары технология болатынын атап өтті.
Қытай жасанды интеллект, роботтандыру, цифрлық технология, жаңа энергия көзі мен жоғары технологиялы өндіріс саласында әлемдік көшбасшылар қатарына кіреді. Қазақстан да жедел цифрлық жаңғыру жолын таңдаған.
Тоқаев Шанхайда өткен Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференция кезінде Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен кездескенін еске салды.
«Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электронды сауда, ғылыми зерттеу және маман даярлау саласында бірлескен жобаға қызығушылық бар. Технологиялық ықпалдастық қазақ-қытай ынтымақтастығының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттың біріне айналуы мүмкін», – деді ол.
Президент жасанды интеллект бүкіл адамзаттың дамуына қызмет етуге тиіс деп санайды. Барлық мемлекет заманауи технологияға, білімге және есептеу ресурсына әділ қол жеткізуі қажет.
Қазақстан 2026 жылғы шілдеде Шанхайда жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымды құрушы 29 мемлекеттің қатарына енген. Тоқаев мұны ЖИ саласындағы халықаралық үйлестірудің ашық әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға бастайтын елеулі қадам деп бағалады.
Қазақстан «Бір Қытай» саясатын қолдайды
Президент Астана мен Бейжіңнің халықаралық мәселедегі ұстанымы өзара үндес екенін айтты. Екі мемлекет БҰҰ-ның орталық рөлін нығайтуды, халықаралық құқық қағидасын сақтауды, жанжалды бейбіт жолмен реттеуді және шынайы көпжақтылықты қолдайды.
«Қазақстан “Бір Қытай” саясатын берік ұстанады және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидасының бұзылуына қарсы», – деді Тоқаев.
Қазақстан Қытаймен БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы үйлесімді жұмысын жалғастырады. Астана «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ықпалдастықты да толық қолдайды.
Тоқаев 25 жылдығын атап өтіп жатқан ШЫҰ өзара сенімге, теңдікке, диалогке, мәдени әралуандықты құрметтеуге және бірлесіп дамуға негізделген «Шанхай рухын» сақтай алғанын айтты. Президент осы қағидаларды халықаралық ынтымақтастықтың үлгісі деп санайды.
Қытайдан келген туристер саны миллионға жуықтады
Келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толады. Тоқаев ресми саяси және экономикалық байланыспен қатар екі ел халқының тікелей қарым-қатынасы да нығайып келе жатқанын атап өтті.
Қазір Қытайда ондаған мың қазақстандық студент білім алады. Қазақстан университетін таңдайтын Қытай жастарының саны да өсіп келеді. Елде Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары мен Лу Бань шеберханалары жұмыс істейді.
Өзара визасыз режим туризмге серпін берген. 2025 жылы Қазақстанға 962 мың қытайлық турист келген. Көрсеткіш бір жыл ішінде 47 пайызға өскен.
«Қытайлық достарымызға заманауи Астана мен көне Түркістанды, Алматының тауы мен Маңғыстаудың қайталанбас табиғатын, Ұлы даланы және Ұлы Жібек жолының мұрасын көрсеткіміз келеді. Музыкамызды, ұлттық аспабымызды, асханамыз бен қонақжай дәстүрімізді танытуға дайынбыз», – деді Президент.
Тоқаев Қазақстанның да көне өркениетке ие әрі бүгінде қарқынды даму үлгісін көрсетіп отырған Қытайды зор қызығушылықпен танып жатқанын атап өтті. Оның пайымынша, көлік дәлізі, технология мен тікелей адами байланыс екі ел серіктестігінің келесі кезеңін айқындайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







