Мобильді аударым бойынша хабарлама алғандарға 30 жұмыс күні беріледі
Қазақстанда мобильді аударымдары тексеруге түскен азаматтар салық органдарына түсініктеме беріп немесе декларация тапсыра алады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, мемлекеттік кірістер органдары қазақстандықтарға хабарлама жібере бастаған. Мұндай хабарлама алған азаматтарға 30 жұмыс күні беріледі. Осы уақыт ішінде адам аударымдардың мәнін түсіндіріп, қажет болса, декларация тапсыруы мүмкін.
Вице-министр бұл кезеңде азаматтарға бірден айыппұл салынбайтынын айтты. Оның сөзінше, салық органы алдымен түсініктеме беру немесе декларация тапсыру мүмкіндігін ұсынады. Яғни хабарлама келді деген сөз автоматты түрде айыппұл немесе банктік шектеу қойылады дегенді білдірмейді.
Мобильді аударымдардың бәрі бірдей тексеріле бермейді. Негізгі назар кәсіпкерлік қызмет белгісі бар операцияларға аударылады. Қазіргі өлшем бойынша, егер азаматқа 3 ай қатарынан 100 және одан көп әртүрлі адамнан ақша түссе әрі жалпы сома 1 020 000 теңгеден асса, мұндай аударымдар салық органдарының назарына ілігуі мүмкін.
Бұл талап қарапайым отбасылық аударымдарға, туған-туыс арасындағы көмекке немесе бір реттік жеке төлемге қатысты емес. Мемлекет негізінен тіркелмей кәсіп жүргізіп, төлемді жеке карта арқылы қабылдайтын азаматтарды анықтауды көздеп отыр.
Ержан Біржановтың айтуынша, салық органдары хабарламаларды барлық санат бойынша жолдап жатыр. Енді нәтиже азаматтардың жауабына байланысты болады. Егер адам аударым кәсіптен түспегенін дәлелдесе, түсініктеме беруі жеткілікті болуы мүмкін. Ал егер шынында кәсіпкерлік табыс болса, оны заңды түрде көрсету қажет.
Сарапшылар мұндай жағдайда азаматтарға аударым тарихын, төлем мақсатын, тауар немесе қызмет сатылған-сатылмағанын алдын ала реттеп алған дұрыс дейді. Чек, келісім, жеткізу құжаты немесе түсініктеме қажет болуы мүмкін.
Мобильді аударымдарды бақылау халықты жазалау үшін емес, көлеңкелі кәсіпті заңдастыру үшін енгізіліп отыр деген түсініктеме берілді.
Бірақ жаңа тәртіп қарапайым азаматтарға да сақ болуды талап етеді. Енді жеке карта арқылы тұрақты ақша қабылдайтындар оның қайдан түскенін түсіндіруге дайын болуы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







