Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы Бақыт Сәрсекбаев Париж рингіндегі сүреңсіз жағдайдан соң қазақ боксының қазіргі жай-күйіне қатты сын айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Боксшы өзін федерация басшылығына ұсынып, қолдау білдірген қауымға алғыс айтып, бұл орынға таласпайтынын ашық жеткізді.
«Маған сенім артып, қолдау білдіргендеріңізге рахмет. Бірақ жазғанымды біреудің орнына таласып жатыр деп түсінетін хейтерлерге де ризамын. Оларға бола пікірімді бүгіп қалмаспын.
Қазақ боксы басшысыз қалмас. Айтжанов кетсе, орнына Сатжанов келеді. Алайда қазір бокс тізгінін кім ұстаса да, оңай болмайды. Мырзағали ағамыз бокстың жарығын өшіріп, есігін жауып кетті.
Ендігі басшыға жаңа команда жасақтап, ескі сарқыншақтан арылу үшін күш-қайрат, жігер керек. Бұл міндет оңайға соқпасы анық», – деді Олимпиада чемпионы.
Сәрсекбаев Парижде бірінен соң бірі жеңіліп жатқан қазақ боксшыларының әлсіз тұстарын да бүкпесіз жайып салды.
«Жігіттеріміздің физикалық дайындығы өте нашар. Екінші раунд басталмай жатып демдері бітеді. Рингте әрең жүреді. Соққылары тым аз. Үш минуттың ішінде қанша соққы жұмсауға болатынын есептеп жүрген ешкім жоқ сияқты.
Комбинациялық жұдырықтасуды мүлдем ұмытқан. Физикалық әзірлікке жауапты арнайы маман қайда қарап отыр? Ғылыми топтың бокстағы орны қандай? Неге біздің боксшылардың демі жетпейді? Неге үш раундқа толық шыдай алмайды?
Олимпиадаға барар алдында әр боксшы қанша жекпе-жек өткізді? Практика қайда? Өзім жарты жылдың ішінде 22 рет жекпе-жекке шықтым. Бас бапкерге айтар сөзім тіпті жоқ», – деді ол.
Сәрсекбаев жаңа басшылықтың табандылығы мен қайратына үміт артатынын жеткізіп, ұлттық бокстың болашағы үшін жауапты тұлғаларға тек сәттілік тіледі. Бұған дейін даңқты боксшы ұлттық құраманың тағы бір кемшілігін ашып айтқан еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

