Экс-президент Назарбаевтың тарих қойнауына кеткелі тұрған «Аманат» партиясына түк қатысы жоқ. Бұл туралы Әбішұлының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Нұрсұлтан Әбішұлының әлгі партияға қандай қатысы бар? Ол өзінің президенттік өкілетін 2019 жылы толық тапсырған болатын. Ол зейнеттегі адам. Қазір саясатпен айналыспайды, партиядағы шешімдерге араласпайды», – деді Үкібай Азаттық тілшісіне берген жауабында.
Үкібайдың мәлімдемесі соңғы уақыттағы «Аманат» пен жаңадан тіркелген «Әділет» партиясының бірігуіне қатысты гу-гу әңгіме аясында жасалды.
Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кетсе де, 2022 жылдың қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесі мен бұрынғы «Нұр Отан» партиясының орынтағын ешкіммен бөліспей, бір өзі билеп-төстеп отырған.
Қаңтар оқиғасынан кейін «Нұр Отанға» ребрендинг жасалып, атауын «Аманатқа» өзгерткен еді. Партияның қазіргі төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.
Бұған дейін біздің дереккөзіміз екі партияның бірігуі туралы маңызды инсайдпен бөліскен. 12 маусым, жұмадағы жүздесу Amanat-тың ақырғы аялдамасы болуы әбден мүмкін. Толығырақ осы тұстан оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







