Нұрай Серікбайдың қазасын келемеждеп, бойжеткенге «72 рет пышақ сұғар едім» деген қатыгез пікір қалдырған аккаунт иесі анықталып, полицияға жеткізілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаза болған қыздың туыстарының мүддесін қорғайтын адвокат Аянхан Омаровтың мәліметінше, резонанс тудырған жазбаны @dkraken9 аккаунтының иесі қалдырған.
«Ашық кеңістікте жарияланған пікірдің авторы табылып, ұсталды. Қазір Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбаймен бірге жәбірленуші тараптың өкілі ретінде полицияға бара жатырмын. Істің әрі қарайғы барысын қосымша хабарлаймын», – деп жазды заңгер әлеуметтік желіде.
11 қаңтарда Шымкент тұрғыны Нұрай Серікбай көп жерден салынған пышақ жарақатынан көз жұмған еді. Қайғылы оқиғаға дейін күдіктінің бойжеткенді аңдып, қоқан-лоқы көрсеткені хабарланған.
Оқиғадан кейін полицияның әрекетіне қатысты да ауыр сауалдар туындады. 16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Шымкент қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді.
Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының іс-қимылын тексеруді тапсырды. Артынша Шымкент полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылып, салғырттық дерегі бойынша бірнеше қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайдың өліміне күдікті оқиғадан бірнеше күн өткен соң ұсталды. Оған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






