Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен кеңесте өңірге инвестиция тарту мәселелері мен нақты жобаларды іске асыру барысы талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір жалпыұлттық инвестициялық пулға Шығыс Қазақстаннан 48 жоба енгізілген. Бұл жобалар өңір экономикасының өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, энергетика мен туризм салаларын қамтиды.
Биыл жыл соңына дейін жалпы құны жүз миллиард теңгеден асатын тоғыз кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Дегенмен облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі инвестициялық жобалардың саны барлық аудандардың мүмкіндігі мен әлеуетіне сәйкес келмейтінін сынға алды.
«Инвестиция тарту – әрбір қала мен аудан әкімдерінің тікелей міндеті және дербес жауапкершілігі. Олар инвесторларды тартуда белсенділік танытып, оларға тұрақты қолдау көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Әкімдер инвесторларға мемлекеттік қолдау шараларын толық таныстырып, кездескен қиындықтарды тез арада шешуі қажет», – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар әкім әр аудан мен қалаға өзінің инвестициялық қажеттіліктеріне терең әрі нақты талдау жасауды тапсырды. Оның айтуынша, инвестицияны тарту мен өңірді дамытуға инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым, жер қойнауын игеру, геологиялық барлау, агроөнеркәсіп кешені мен туризм салалары ерекше маңызды. Осы бағытта аймақ басшысы нақты тапсырмалар беріп, әкімдерді белсенді жұмыс істеуге шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

