Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытындағы апаттан кейін тағы үш адам қаза тапты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұл туралы компания өкілдері хабарлады.
«Өкінішке қарай, бүгін ауруханада біздің әріптестеріміз — технолог Қазкен Ерұлан Қайырбекұлы, балқыту цехының механигі Адамчук Дмитро және бас механик қызметінің шебері Жетпісбаев Төлеген Елеуұлы қайтыс болды. Әріптестеріміздің отбасылары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз», — дейді компания өкілдері.
Компания мәліметінше, қаза тапқандардың жақындарына ауыр кезеңнен өтуге қолдан келгеннің бәрі жасалады.
Бүгінгі таңда компания жерлеуді ұйымдастыру, ас өткізу және мазар салу бойынша барлық шығындарды өз мойнына алады, сондай-ақ отбасына барлық қажетті қолдауды көрсетеді.
Атап айтқанда, компания келесі міндеттемелерді атқарады:
- Отбасын қолдау үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем жасайды.
- Отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек көрсетеді.
- Қызметкерлер мен олардың жұбайларының барлық несиелерін толық өтейді.
Сондай-ақ YDD Corporation барлық зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуді жалғастырып, осылайша әріптестеріміздің мүмкіндігінше тезірек өз отбасыларына оралуларына жағдай жасайды.
Еске салайық, Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытының сегіз жұмысшысы кенеттен пештен шыққан жалынның салдарынан қатты күйік алып, ауруханаға жеткізілген болатын.