Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингі BBB деңгейіне көтерілді. Еліміз 2016 жылдан бері жете алмаған межені араға 10 жыл салып қайта бағындырды. Экономист Расұл Рысмамбетов S&P шешімін кейінгі екі жылда қабылданған экономикалық шараларға берілген тәуелсіз сыртқы баға әрі жылдың ең жағымды жаңалығы деп атады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшының пайымынша, рейтингтің көтерілуін кенеттен келген сәттілік деп қабылдауға болмайды. Қазіргі шешім былтыр басталған үрдістің қисынды қорытындысы. 2025 жылғы тамызда S&P Қазақстанның рейтинг болжамын «оң» деңгейге өзгертіп, келесі қадам су жаңа бюджет және Салық кодексінің қаншалықты орнықты жұмыс істейтініне байланысты болатынын аңғартқан-ды.
Арада бір жыл өткенде агенттік Қазақстанның рейтингін BBB- деңгейінен BBB-ге көтерді. Рысмамбетовтің түсіндіруінше, осылайша халықаралық сарапшылар 2025 жылы қабылданған шешімдердің қағаз жүзінде қалмай, нақты нәтиже бере бастағанын мойындап отыр.
«Мұны айтулы, тіпті дәуірлік оқиға деуге болады. Қазақстан мұндай деңгейге 2016 жылдан бері шыққан жоқ. S&P былтыр басталған циклді аяқтап, жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің әсерін мойындады», – дейді экономист.
Бектенов? Рысмамбетов оң нәтижеге 3 мемлекеттік құрылымның еңбегі сіңгенін атап өтті. Олар ма, олар — Ұлттық банк, Ұлттық экономика министрлігі және Қаржымин. Үш мекеменің кейінгі екі жылдағы бірізді жұмысы елдің қаржылық беделін жаңа сатыға шығарған.
Жұманғарин? Басты қозғаушы күштің бірі – жаңа Салық кодексі. Құжат бюджеттің мұнайға қатысы жоқ кіріс көздерін кеңейтті. S&P мұны мемлекеттік қаржыны ұзақ мерзімде сауықтырудың негізгі шарты ретінде бағалап отыр.
Екінші маңызды бетбұрыс Ұлттық қордан алынатын қаражаттың күрт шектелуі
Рысмамбетов Үкіметтің осы түйінді экс-елбасы Назарбаевтың дәуірінен бері шеше алмай келгенін еске салды. Қазір қорды бюджеттің күнделікті жыртығын жамайтын әмиян ретінде пайдалану тежеле бастаған.
«Ақыры Ұлттық қордан алынатын қаржыны шектей алдық. Ең бастысы қайтадан бұрынғы құрдымға құлап кетпеу. Қалыптасқан тәртіпті сақтап, қорды оңды-солды жұмсауға қайта жол бермеу керек», – деді ол.
Үшінші тірек «Бәйтерек» холдингі арқылы жүргізіліп жатқан ауқымды инвестициялық бағдарлама. Шикізатты өңдеу мен инфрақұрылымға салынатын қаржы инвестиция көлемін жалпы ішкі өнімнің үштен біріне жуық деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Мұндай саясат елдің тек мұнай сатушы емес, өнім өңдеп, өндірістік тізбек құратын экономикаға айналуына жол ашуы тиіс.
Рейтингке елдің сыртқы қаржылық қоры да демеу болған
Әлемдік нарықта алтын қымбаттап, Қазақстанның алтын-валюта қоры өсті. Сыртқы буферлер орнықтылығын сақтап, мемлекет таза сыртқы кредитор мәртебесін нығайтты.
Экономистің бағалауынша, S&P қорытындысы биліктің өз есебіне өзі қойған баға емес. Халықаралық нарық мойындайтын тәуелсіз агенттік Астананың бюджеттік және салықтық саясатын сырттан тексеріп, қабылданған шаралардың нәтижесін растады.
Қазір үш ірі рейтинг агенттігінің Қазақстанға қатысты бағасы бір-біріне жақындай түскен. Fitch маусымда BBB рейтингін берсе, S&P енді осы межеге көтерілді. Moody’s Қазақстанның рейтингін Baa1 деңгейінде ұстап отыр.
Мұның практикалық маңызы зор. BBB Қазақстанның қарызын сенімді инвестициялық құрал ретінде қабылдайтын халықаралық қорлардың аясын кеңейтеді. Бұған дейін ішкі талабына байланысты ел активтеріне ақша сала алмаған кейбір институционалдық инвесторларға жаңа мүмкіндік ашылады. Мемлекет пен ұлттық компаниялар үшін сырттан қаржы тартудың жағдайы жақсаруы ықтимал.
Рысмамбетов осы мүмкіндікті Қазақстандағы критикалық минералдар саласымен байланыстырады. Елде литий, палладий және сирек кездесетін металдарға қатысты көптеген жоба әлі қағаз жүзінде жатыр. Жоғары рейтинг шетелдік инвесторлардың сенімін арттырып, барлау, өндіру және өңдеу жобаларына капитал тартуды жеңілдетеді.
Рысмамбетов бүгінгі жаңалық Ақорданың сирек металдарға инвестиция тартуына жол ашады деп пайымдайды. АҚШ-тың DFC қаржы корпорациясы Қазақстанға ақша құюға құлшынып отырған Трамптың ұлдарына уәде етілген 400 млн долларды ақыры бөлуі мүмкін.
Дегенмен қол жеткен деңгейге тоқмейілсуге болмайды. Қазақстан енді минералды шикізатты қазып алып, сыртқа жөнелтетін ескі сүрлеуге қайта түспеуі керек. Негізгі мақсат – кенді ел ішінде өңдеп, технологияны игеріп, қосылған құны жоғары өнім шығару.
«Бөркімізді аспанға атып, литий мен палладийді сөредегі тауар секілді бөлшектеп сатып жібермеу керек. Өңдеуді жолға қою қажет. Рейтинг жылдың ақжолтай жаңалығы. Бірақ енді бір сәт аялдап, осы мүмкіндікті қалай пайдаланатынымызды ойлаған жөн», – деп түйіндеді Рысмамбетов.
Сарапшы жазбасының соңында S&P шешімінен саяси ишара да байқаған. Оның ойынша, беделді агенттіктің Астананың экономикалық саясатты жоғары бағалауы Бектенов үкіметінің тағдырына қатысты сауалға да жанама жауап берген.
«Журналистердің Бектенов үкіметі ауыса ма деген сұрағына S&P жауап берді деп ойлаймын», – деді экономист. Оның меңзегеніндей, жаңа бюджет және Салық кодексін енгізген, Ұлттық қордан ақша алуды шектеген әрі инвестсаясатты күшейткен қазіргі министрлері кабинеті халықаралық деңгейде мойындалып отыр. Елді 10 жыл бұрынғы рейтингке қайта оралтқан команда дәл қазір түбегейлі ауыстыруды емес, басталған істі жалғастыруды қажет етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







