Қазақстанда минералды су мен алкогольсіз сусын өндірісі қарқынды өскенімен, дүкен сөрелеріндегі баға төмендемей отыр. Бір жылда ауызсу 15 пайызға, энергетикалық сусындар 19,6 пайызға қымбаттады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Energyprom.kz дерегіне сүйенсек, 2026 жылғы қаңтар-мамыр аралығында отандық кәсіпорындар 1,7 миллиард литр минералды су мен алкогольсіз сусын шығарған. Өндіріс көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 18,9 пайызға артты. 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім шамамен 2,8 есеге жеткен.
Тәттілендіргіш қосылмаған минералды және газдалған су өндірісі 6,3 пайызға ұлғайып, 320,8 миллион литрді құрады. Нарықтың негізгі бөлігін өзге алкогольсіз сусындар алып отыр. Олардың өндірісі бір жыл ішінде 22,2 пайыз өсіп, 1,4 миллиард литрге жетті.
Соңғы он жылдағы динамика да өндіріс ауқымының кеңейгенін көрсетеді. Минералды су шығару көлемі 66,8 пайызға артса, өзге алкогольсіз сусын өндірісі 3,4 есе көбейген. Соған қарамастан, ішкі нарықтағы сұраныс отандық өндірістен жылдамырақ өсіп отыр.
2026 жылғы қаңтар-сәуір қорытындысында қазақстандық өндірушілер минералды су мен алкогольсіз сусындарға деген жалпы сұраныстың 88,8 пайызын қамтамасыз етті. Бір жыл бұрын отандық өнімнің үлесі 90,3 пайыз болған. Яғни ішкі өндіріс артқанымен, нарықтағы позициясы аздап әлсіреді.
Төрт айда отандық кәсіпорындар шығарған өнім көлемі 19,2 пайыз өсіп, 1,3 миллиард литрге жетті. Импорт бұдан да жоғары қарқын көрсетіп, 39,8 пайызға ұлғайды. Қазақстанға сырттан 164,3 миллион литр сусын жеткізілген.
Инфляция сусын нарығын уысында ұстап тұр
Импорттық өнімнің нарықтағы үлесі бір жыл ішінде 9,7 пайыздан 11,2 пайызға дейін өсті. Экспорт керісінше 6,5 пайызға төмендеп, 127,7 миллион литрді құрады. Ел ішіндегі сатылым 24,7 пайыз артып, 1,3 миллиард литрге жеткен.
Маусым айында сусындардың негізгі санатында баға екі таңбалы қарқынмен өсті. Былтырғы маусыммен салыстырғанда су 16,9 пайызға, салқындатқыш сусындар 15,6 пайызға, өзге алкогольсіз сусындар 16 пайызға қымбаттаған.
Бағаның ең жоғары өсімі Павлодар облысында тіркелді. Өңірде су бір жылда 29 пайызға қымбаттады. Салқындатқыш сусындардың бағасы 46,6 пайызға, өзге алкогольсіз сусындар 46,7 пайызға өскен.
Батыс Қазақстан, Түркістан және Ақмола облыстарында да сусын бағасы жоғары қарқынмен артты. Ауызсудың ең баяу қымбаттауы Жамбыл облысында тіркеліп, жылдық өсім 11,5 пайызды құрады. Шымкентте баға 11,6 пайызға, Алматыда 11,7 пайызға көтерілген.
Жекелеген өнім санатында энергетикалық сусындар көш бастады. Олардың бағасы бір жылда 19,6 пайызға өсті. Минералды су 17,7 пайызға, газдалған сусындар 16,3 пайызға, ауызсу 15 пайызға қымбаттады. Газдалмаған сусындардың бағасы 12,5 пайызға артқан.
Өндірістің ұлғаюы нарықтағы инфляциялық қысымды әлсірете алмады. Ішкі тұтыну өндірістен жылдам өсіп, импортқа деген сұранысты күшейтті. Соның салдарынан сусындардың басым бөлігінде баға өсімі әлі де екі таңбалы деңгейде сақталып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







