2026 жылдың алғашқы жартысында Алматы облысының экономикалық өсім қарқыны 114, 8 пайызға жетіп, өңір республикадағы үздік үштіктің қатарына енді. Өсімнің негізгі драйвері өнеркәсіп, соның ішінде өңдеу секторы болды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жартыжылдық қорытындысы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында қаралды. Жиынға әкім орынбасарлары, департамент пен басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Басқосуда әлеуметтік-экономикалық даму, бюджеттің атқарылуы және алдағы кезеңнің міндеттері талқыланды.
Өңірдегі жаңа өндіріс орындарының саны артып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуаты кеңейіп келеді. Әкімдік жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемін 2, 7 триллион теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр.
Өңдеу өнеркәсібінің қарқын алуы экономиканы әртараптандыруға және тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді.
Алты ай ішінде облыс экономикасына 532, 1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Капитал салымының көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 18, 5 пайызға өскен. Жиында жаңа жобаларды сүйемелдеу және инвесторлармен жұмысты жеделдету мәселесі көтерілді.
Агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 594, 7 миллиард теңге болатын 43 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл құны 106, 3 миллиард теңге болатын тоғыз нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Марат Сұлтанғазиев жобаларды іске қосумен шектелмей, олардың толық қуатында жұмыс істеуін бақылауды тапсырды.
Өңір басшысы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысын күшейту қажеттігін айтты.
Субсидияның мақсатты әрі тиімді жұмсалуына тұрақты бақылау жүргізілуге тиіс. Ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік қолдау нақты өнім көлемі мен жұмыс орнына айналуы қажет.
Өндіріс қуаты, құрылыс қарқыны
Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары да жиынның негізгі тақырыбына айналды. Әкімнің айтуынша, бөлінген әрбір қаржы жаңа өндіріс ашуға, жұмыспен қамтуды арттыруға және бюджет кірісін ұлғайтуға қызмет етуі керек. Кәсіпкерлікке берілетін көмек нәтижелілік өлшемі арқылы бағаланбақ.
Марат Сұлтанғазиев инфляция мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өзгеруі халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін атап өтті. Жұмыс дүкен сөрелеріндегі бағаны бақылаумен ғана шектелмеуі қажет.
Қымбаттау себептерін анықтап, ішкі нарықты отандық өніммен қамту, тұрақтандыру қорын қалыптастыру және алдын алу шараларын қабылдау тапсырылды.
Алматы облысында құрылыс саласы да жоғары қарқын көрсетіп отыр. Алты айда 172 миллиард теңгеден астам құрылыс жұмысы орындалып, 843, 1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жоспарланған нысандарды уақытында аяқтау және құрылыс сапасын сақтау жауапты басшылардың жеке бақылауында болады.
Жиында оң көрсеткіштермен қатар ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және денсаулық сақтау салаларындағы кемшілік те айтылды.
Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға мәселенің себебін анықтап, жедел шешім қабылдауды міндеттеді. Әр бағыт бойынша нақты іс-шара жоспары әзірленуге тиіс.
Өңір билігі жылыту маусымына дайындық, елді мекендерді селден қорғау және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мәселесіне де назар аударды. Қауіпсіздікке қатысты жобаларды белгіленген мерзімнен кешіктірмей аяқтау тапсырылды. Әлеуметтік және коммуналдық нысандардың дайындығы тұрақты тексеріледі.
Марат Сұлтанғазиев қол жеткізілген нәтижеге тоқмейілсуге болмайтынын ескертті. Жыл соңына дейін жалпы өңірлік өнім көлемін 7, 4 триллион теңгеге жеткізу үшін экономикаға қосымша 730 миллиард теңгенің өнімі қосылуы қажет. Оның айтуынша, бекітілген жоспардың орындалуы барлық деңгейдегі басшылардың жеке жауапкершілігі саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







