«Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Қарағанды облысында өнеркәсіпті дамытуға арналған бағдарламалық ұсыныстарын таныстырды. Qarmet металлургия комбинатында өткен кездесуде өндірістік қауіпсіздік, кәсіпорындарды жаңғырту, кадр даярлау, еңбекақы және индустриялық қалалардың келешегі талқыланды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Партия төрағасы Айбек Дәдебай бастаған штаб мүшелері Qarmet АҚ металлургия комбинатының еңбек ұжымымен кездесті. Жиын барысында кәсіпорын қызметкерлері өндірістегі қауіпсіздік, еңбек жағдайы мен жұмысшыларды әлеуметтік қорғауға қатысты сауалдарын қойды.
Qarmet АҚ Болат департаментінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі директоры Бауыржан Әлжанов өндірістегі жарақат мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, елімізде жыл сайын мыңдаған қызметкер жұмыс орнында жарақат алады. Ол партия өкілдерінен өндірістік жарақатты азайту үшін қандай заңнамалық бастамалар ұсынылатынын сұрады.
Құрылтай депутаттығына кандидат Азамат Төлегенов партияның негізгі ұстанымы жазатайым оқиғалардың салдарын жоюмен емес, өндірістік тәуекелдің алдын алумен байланысты екенін айтты.
– Қауіпті өндірістерде қауіпсіздіктің цифрлық жүйелерін кеңінен енгізуді ұсынамыз. Еңбекті қорғау талаптарын бұзған жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтіп, тәуелсіз бақылау тетіктерін жетілдіру қажет. Қызметкерлерді тұрақты оқыту, кәсіби тәуекелді бағалау және кәсіпорындарды жаңғырту да назардан тыс қалмауға тиіс, – деді Азамат Төлегенов.
Кездесуде өнеркәсіптік өңірлердегі әлеуметтік саясат мәселесі де көтерілді. Екатерина Смышляева өндіріс орындарындағы тәуелсіз бақылауды дамыту, кәсіби тәуекелді міндетті бағалау және қауіпсіз технологияларды енгізу жөніндегі ұсыныстарды таныстырды.
Вадим Басин лайықты еңбекақысы, әлеуметтік кепілдігі және қауіпсіз жұмыс жағдайы бар бір миллион сапалы жұмыс орнын құру партия бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі екенін айтты.
Арман Қалықовтың пікірінше, жалақының тұрақты өсуіне қызметкерлердің біліктілігін арттыру, технологиялық жаңғырту және еңбек өнімділігін көтеру арқылы қол жеткізуге болады. Аталған бағыттарға бір мезгілде инвестиция салынбаса, еңбекақы өсімі ұзақ мерзімді сипат алмайды.
Асхат Аймағамбетов инженерлік және жұмысшы кадрларды даярлау мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, колледждер мен жоғары оқу орындарының бағдарламалары өндірістегі технологиялық өзгерістерге және жұмыс берушілердің нақты сұранысына бейімделуге тиіс.

Никита Шаталов индустриялық қалаларды кешенді дамыту жөніндегі ұсыныстарды таныстырды. Ол жас маманның болашағы тек кәсіпорындағы жұмыс орнымен шектелмеуі керек деп есептейді.
– Инженерлік желілерді жаңартуға, қолжетімді тұрғын үй салуға, медицина, білім, қоғамдық кеңістік және спорт инфрақұрылымын дамытуға көбірек инвестиция бағыттау қажет. Жас маман өндірістен тыс өмірде де өсу мен даму мүмкіндігін көруі керек, – деді Никита Шаталов.
Адам жетістігінің басты өлшемі – адал еңбек
Жиын соңында Айбек Дәдебай Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан реформалар отандық өнеркәсіптің дамуына жаңа мүмкіндік ашқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық инвестор келгеннен кейін Qarmet кәсіпорны жаңғыртудың жаңа кезеңіне өтіп, өндіріс көлемін ұлғайта бастаған.
Партия төрағасы еңбек ұжымдарымен тұрақты диалог орнатудың маңызына тоқталды. Оның сөзінше, сайлауалды бағдарлама азаматтардың нақты сұранысына сүйене отырып дайындалған және экономика, өнеркәсіп пен өмір сапасына қатысты 100-ден астам ұсынысты қамтиды.
– Адам жетістігінің басты өлшемі – адал әрі жауапты еңбек. Сондықтан бағдарламамыз өндірістегі жұмысшылардың, инженерлердің және кәсіпкерлердің нақты мәселелеріне негізделді, – деді Айбек Дәдебай.
Бағдарламаның өнеркәсіптік блогында бірыңғай индустриялық саясат жүргізу, шикізатты ел ішінде терең өңдеу және ішкі өндірістік тізбектерді дамыту ұсынылған. Қосылған құны жоғары өндіріс ашу мен бәсекеге қабілетті өнім шығаруға да басымдық берілген.
Партия өкілдерінің пікірінше, мемлекеттік қолдау экспорттық әлеуеті бар, импортты алмастыратын және жаңа жұмыс орындарын ашатын жобаларға бағытталуға тиіс. Мұндай тәсіл өнеркәсіптің сандық өсімінен технологиялық сапаға көшуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында Qarmet өкілдері «Әділет» атауымен болаттың арнайы партиясын шығару жоспарланғанын хабарлады. Кәсіпорын мұны еңбек адамына құрметтің, отандық металлургия сабақтастығының және қауіпсіз әрі бәсекеге қабілетті өндірісті дамытуға деген ұмтылыстың символдық көрінісі ретінде бағалады.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н. Т. Мыңжасаров.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







