«Бүгінде сайлаушының талабы күшейді. Азаматтар енді ұрандарға емес, инфляцияны тежеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты және жол сапасын жақсарту сияқты нақты мәселелердің кәсіби шешімдерін күтеді», – деп атап өтті Азамат Байғалиев.
Павлодар облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Борис Поломарчук 2016, 2021 және 2023 жылдардағы сайлаулардағы партиялық тізімдер мен әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелерін таныстырды. Оның айтуынша, кандидаттардың географиясы кеңейгенімен, алдыңғы парламенттік науқандарда партиялық іріктеу орталықтандырылған сипатта болды: кандидаттардың шамамен 43%-ы астаналық бола отырып, депутаттық мандаттардың **65%-**дан астамын елорда өкілдері иеленді. Ал кандидаттардың шамамен 40%-ын ұсынған өңірлер депутаттық орындардың 20%-ға да жетпейтін үлесін ғана иеленді. Сарапшының пікірінше, бұл теңгерімсіздікті жою үшін саяси партиялар өңірлердегі өз өкілдіктерінің жұмысын күшейтуі қажет.
«Өңірлік филиал тек әкімшілік кеңсе емес, өңірдің өзекті мәселелерін зерттеп, сарапшылармен өзара іс-қимыл жасайтын және өңірлік бастамаларды ұлттық деңгейде ілгерілететін саяси-сараптамалық орталыққа айналуы тиіс», – деп атап өтті Борис Поломарчук.
Alikhan Bokeikhan University Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Аман Рахметуллин өз баяндамасын конституциялық реформалар жағдайындағы саяси мәдениеттің дамуына арнады. Оның айтуынша, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуының кеңеюі сайлау белсенділігінен де, жергілікті өзін-өзі басқару институттарының дамуынан да көрініс табуда.
«Саяси мәдениеттің дамуын тек құқықтық өзгерістер арқылы емес, азаматтардың саяси белсенділігі, қоғамдық өмірге қатысу деңгейі және мемлекеттік институттарға деген сенімі арқылы бағалау қажет», – деді Аман Рахметуллин.
«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Руфит Ахмедзянов азаматтардың қатысуы тек дауыс беру күнімен шектелмеуі тиіс екеніне тоқталды.
«Қоғамдық кеңестер, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және қоғамдық талқылаулар мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз етіп, өңірлердің өзекті сұраныстарын дер кезінде жеткізуі қажет», – деді ол.
Отырысты қорытындылаған қатысушылар жаңа саяси модельде өңірлер жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастырудың толыққанды қатысушысына айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл үшін мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, жоғары оқу орындарының, талдау орталықтарының және қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын нығайтып, мемлекеттік шешімдерді әзірлеу үдерісіне өңірлік сарапшылар қауымдастығын кеңінен тарту қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






