Пентагон ұзақ жылдар бойы жасырған тылсым құбылыстарға қатысты құпия құжаттардың алғашқы бөлігін жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алғашқы лекпен ашылған 162 құжаттың арасында әскери ұшақ камерасына түсіп қалған видеолар, бұрынғы құпия баяндамалар, ФБР-дің жасырын деректері, АҚШ Мемдепартаментінің дипломатиялық телеграммалары мен NASA-ның ұшу хаттамалары бар. Материалдардың бір бөлігі сонаау 1940 жылдардан басталса, қалғандары Сирия, Ирак, Жапония, Солтүстік Америка және Шығыс Қытай теңізінде кейінгі жылдары ғана тіркелген.
АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет бертінге дейін аса құпия саналып келген деректерді ашып, қоғамның көкейіндегі сұрақтарға жауап қататын уақыт жетті деп отыр.
«Ұзақ уақыт бойы «құпия» белгісімен жасырылып келген материалдар көпшіліктің санасында күдік тудырып, талайды үрейлендіріп келгені анық. Енді оларды әрбір америкалық өз көзімен көруі керек», – деді Хегсет.
Қазақстанға қатысты ерекше деталь
Құпия құжаттардың арасында еліміздің аумағында тіркелген ерекше эпизод та бар. 1994 жылы АҚШ-тың Тәжікстандағы елшілігі жолдаған жеделхатта Қазақстан аспанында тіркелген таңғажайып құбылыс сипатталған.
Сол түні Тәжікстандық ұшқыш пен үш америкалық азамат Қазақстанның үстінен ұшып бара жатып, жарығы көз қарықтыратын ерекше объектіні көрген. Жеделхат мәтінінде белгісіз объект 90 градусқа кенет бұрылып, аса жоғары жылдамдықпен айналмалы қозғалыстар жасағаны айтылады.
Архивтегі NASA-ның материалдары да үрей мен күдікті күшейте түсуде.
1969 жылы Айға қонған Apollo-11 миссиясының астронавты Базз Олдриннің транскрипциясында ол «айдың бетіне жақын маңда үлкен объект» және «лазер сәулесіне ұқсас өте жарқын жарықты» байқағанын баяндаған. Тағы бір дерек 1972 жылғы Apollo-17 миссиясына тиесілі. Ол суретте үш нүкте анық үшбұрыш пішінін құраған. NASA сарапшылары бұны физикалық объект болуы мүмкін деп топшылайды, бірақ әлі күнге нақты жауап болмай тұр.
Соңғы жылдардағы деректер тіптен түсініксіз
Мысалы, 2023 жылы Сирияда түсірілген әскери есепте аспанда «секіретін допқа ұқсас» объект 483 миль/сағ жылдамдықпен кемінде жеті минут бойы қозғалғаны айтылады.
Тағы бір оқиғада америкалық барлаушы тікұшақпен бақылау кезінде жер бетінен «өте ыстық» шарды байқаған. Ол шар аса тез жылдамдықпен 20 мильге дейін қозғалып, артынан тағы төрт-бес шар пайда болғанын айтқан.
Архивтегі ең үрейлі видеолардың бірі сегіз қырлы жұлдыз тәрізді объект. Ол 2013 жылы Таяу Шығыста инфрақызыл камерамен түсірілген. Пентагонның бұрынғы аномалияларды зерттеу басқармасының басшысы Шон Киркпатриктің пікірінше, видеода «ұшақтың ыстық қозғалтқышы» мен «камераның оптикалық эффектісі» көрінуі мүмкін. Ол мұндай материалдарды әлі де толық сараптау керек деп санайды.
Пентагон құжаттардан «өзге ғаламшарлықтардың бар екеніне» нақты дәлел табылды деп отырған жоқ. NASA да осы ұстанымды қолдап отыр. Агенттік басшысы Джаред Айзекман «біз қолымызда нақты дерек болса ашық айтамыз, бірақ түсінбеген дүниемізді әлі де анықтауымыз керек» дейді.
Бұған қоса…
Осы материалдар жарияланғаннан кейін, көпшіліктің қызығушылығы күрт артып, алғашқы 12 сағаттың өзінде Пентагонның сайтына 340 миллионнан астам адам кірген.
АҚШ барлау қызметінің директоры Талси Габбард бұған дейін жабық тұрған архивтердің әлі де зерттеліп, жаңа материалдар жарияланатынын ескертті.
Осы мәлімдемелер фонында, NASA-ның құпия бағдарламасына қатысы бар белгілі ғалымдардың жұмбақ өлімі мен із-түзсіз жоғалу оқиғалары жиілеп кетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







