Алматы облысы Полиция департаменті «Талғарда атыс шықты» деген ақпаратқа пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Полиция әлеуметтік желілерде тараған, Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы кафелердің бірінің жанында атыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Мекеме қонақтары сөзге келіп қалып, жанжалға ұласқаны белгілі болды. Оқиғаға сеніп тапсырылған аймақты патрульдеп жүрген полицейлер жедел түрде араласып, жағдайды реттеді», — деп жазылған хабарламада.
Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы барлар полицияға жеткізілді.
«Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — деді полицейлер.
Сонымен қатар, құзырлы органдар тек ресми дереккөздерге сенуге шақырып, жалған ақпаратты тарату заң бойынша жазаланатынын, тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске салды.