Қазақстанның халықаралық қаржылық резерві соңғы жылдары көзге анық көрінетіндей өсті, бірақ сол өсімнің ішкі құрылымына үңілсек, алтынның үлесі бұрынғыдан әлдеқайда күшейгенін байқаймыз. Ұлттық қор активтері де қайта көбейе бастады, оған былтырғы жоғары инвестициялық табыс пен биыл трансферттің қысқаруы әсер етті. Halyk Bank-тің сарапшысы Асан Құрманбеков Ertenmedia.kz сайтына берген сұхбатында резервтің сырттай мықты көрінгенімен, оның өтімділігі, алтын бағасына тәуелділігі және бюджет тәртібі сияқты маңызды сұрақ ашық тұрғанын айтты.
– Асан мырза, Қазақстанның халықаралық резерві 140 миллиард долларға жақындады деген дерек нені білдіреді?
– Бұл өте жақсы көрсеткіш. Елдің сыртқы қорғаныс қабаты күшейіп келеді деуге болады. Халықаралық резерв дегеніміз қиын кезеңде экономиканы демеп тұратын қаржылық жастық. Оның ішінде Ұлттық банктің жалпы халықаралық резерві де, Ұлттық қор активтері де бар.
Ақпан айындағы дерек бойынша, осы екі ірі қордың жиынтық көлемі 140 миллиард долларға таяды. Айлық өсім 1,9 пайыз болды, жыл басынан бергі өсім 7,4 пайызға жетті.
Ең бастысы, резерв 2022 жылдан бері біртіндеп жоғарылап келеді. Бірақ мәселе тек көлемде емес. Қордың қалай өскені, қай активтің есебінен көбейгені мен қажет кезде қаншалықты тез пайдалануға болатыны да маңызды.
Өсімнің екі үлкен тірегі бар. Біріншісі, Ұлттық банк резервіндегі алтынның қымбаттауы және алтын көлемінің көбеюі. Екіншісі, Ұлттық қор активтерінің былтырдан бері қайта өсе бастауы.
Ұлттық қор бойынша жағдайға қарасақ, 2024 жылдың соңында валюталық активтер 58,8 миллиард доллар шамасында болған. Қазір 65 миллиард доллардан асты. Әсіресе былтырғы екінші жартыжылдықта қор едәуір толықты. Биыл қаңтар-ақпанда да өсім жалғасты. Бірақ Ұлттық қордағы жақсару тек мұнайдан түскен түсіммен емес, инвестициялық табыспен де байланысты екенін естен шығармау керек.
– Ұлттық қордағы бетбұрыс жайында түсіндіріп берсеңіз?
– Соңғы жылдары Ұлттық қордан бюджетке алынатын ақша көп болды. Қарапайым тілмен айтқанда, қорға түскеннен гөрі алынғаны басым кезеңдер болғаны жасырын емес.
Ал 2025 жылдың екінші жартысынан бастап жағдай біршама өзгерді. Салық пен өзге түсімдер трансферттен арта бастады. Биылғы алғашқы екі айда қорға 700 миллиард теңгеден астам қаражат түсті. Ал бюджетке аударылған трансферт 460 миллиард теңгеден сәл жоғары болды.
Яғни, қор бұрынғыдай тек бюджет тапшылығын жабатын әмиян болып қалмай, қайта толықтыру бағытына өтті. Осы тәртіп сақталса, Ұлттық қордың ұзақ мерзімді рөлі күшейеді.
– Былтыр Ұлттық қордың инвестициялық табысы неге жоғары болды?
– Нақты себебі Ұлттық қордың 2025 жылға арналған толық есебі жарияланғаннан кейін анық көрінеді. Бірақ қолда бар дерек бойынша, былтыр инвестициялық табыс өте жоғары деңгейге жетті.
2015 жылдан бері орташа жылдық табыс шамамен 2 триллион теңге болса, 2025 жылы ол 6,4 триллион теңгеге дейін көтерілгені байқалды. Мұндай өсім жаһандық нарықтағы актив бағасының қымбаттауымен, портфель құрылымымен және қаржы нарығындағы қолайлы кезеңмен байланысты болуы мүмкін.
Дегенмен бір жылдағы жоғары табысты тұрақты үрдіс деп қабылдауға болмайды. Нарықтың мінезі құбылмалы. Биыл Иран төңірегіндегі әскери-саяси шиеленіс, мұнай мен алтын бағасындағы толқу инвестициялық кіріске қысым түсіруі ықтимал.
– Асын мырза, Ұлттық банк резервіндегі алтын үлесінің күрт өсуі нені аңғартатынын айта кетсеңіз? Бұл да біздің оқырмандарымызды қызықтырады.
– Бұл қазіргі резерв құрылымындағы ең маңызды өзгеріс. 2024 жылдың соңында Ұлттық банк резервіндегі алтын үлесі 52 пайыз шамасында еді. 2025 жылдың соңында 72 пайызға жетті. Биыл ол 80 пайызға таяды.
Ақшалай есеппен алғанда, алтын активі 23,8 миллиард доллардан 57 миллиард доллардан астам деңгейге дейін көтерілді.
Бұған екі фактор әсер етті. Біріншіден, алтын бағасы қатты өсті. Екіншіден, Ұлттық банк алтын сатып алуды көбейтті. World Gold Council дерегіне сүйенген материалдарда Қазақстан 2025 жылы 57 тонна алтын сатып алып, орталық банктер арасында Польшадан кейінгі екінші ірі сатып алушы болғаны көрсетілді.
Алтын дағдарыс кезінде қорған болатын актив. Геосаяси тәуекел көбейгенде, доллар жүйесіне сенім азайғанда, орталық банктер алтынға көбірек көңіл бөледі. Бұл түсінікті саясат.
Бірақ қордың басым бөлігі бір құралға байланып қалса, тәуекел де көбейеді. Алтын бағасы өсіп тұрғанда резерв әдемі көрінеді. Баға төмендесе, қағаздағы көлем де азаяды.
Оның үстіне алтынды күнделікті валюта интервенциясына немесе жедел төлемге пайдалану еркін айырбасталатын валютаға қарағанда күрделірек. Сондықтан алтын сенімді актив болғанымен, өтімділік жағынан доллар, еуро сияқты құралдың орнын толық баса алмайды.
– Еркін айырбасталатын валюта резервінің азаюы қаншалықты маңызды?
– Бұл жерде мұқият қарау керек. Ұлттық банктің жалпы халықаралық резерві үлкен. Импортты жабу тұрғысынан алғанда, жалпы резерв шамамен он айға жетеді деп бағаланады. Бұл жайлы деңгей. Бірақ оның ішіндегі еркін айырбасталатын валюта бөлек қаралса, сурет өзгереді.
2024 жылдың соңында мұндай актив 22 миллиард доллар шамасында болса, биыл ақпанда 15,6 миллиард долларға дейін төмендеді. Ол импорттың үш айынан аз бөлігін жабады. Егер алтын бағасы төмендеп, сыртқы нарықта қысым күшейіп, теңгеге қосымша салмақ түссе, дәл осы өтімді валютаның көлемі маңызды рөл атқарады.
Халық арасында «резерв көп екен, онда қауіп жоқ» деген түсінік болуы мүмкін. Бірақ резервтің сапасы деген ұғым бар. Бір бөлігі алтын, бір бөлігі валюта, бір бөлігі басқа актив.
Қиын сәтте ең алдымен тез сатылатын, нарықта кідіріссіз қолданылатын, бағасы күрт құбылмайтын құрал керек. Алтын өтімді актив саналады, бірақ оны үлкен көлемде әрі қысқа уақытта ақшаға айналдырудың өз қиындықтары бар. Сол себепті резервтің жалпы көлемімен бірге оның құрылымы да үнемі назарда болуы тиіс.
– Алтын бағасының төмендеуі Қазақстан резервіне қалай әсер етуі мүмкін?
– Егер алтын резервтің негізгі бөлігіне айналса, оның бағасы елдің халықаралық резервіне тікелей ықпал етеді. Баға жоғарыласа, резерв өседі. Баға төмендесе, резерв қағаз жүзінде қысқарады. Биыл алтын нарығында құбылмалылық күшейіп тұрғанын өздеріңізде байқап отырсыздар.
Иран төңірегіндегі жағдай, мұнай бағасының өсуі, инфляциялық қысым, АҚШ долларының бағыты, жаһандық пайыздық мөлшерлеме күтімі бәрі алтынға әсер етеді.
Әдетте геосаяси қауіп алтынға қолдау береді деп ойлаймыз. Бірақ кей кезеңде доллар күшейіп, нақты кірістілік артса, алтын керісінше төмендеуі мүмкін. Сондықтан алтынға сүйенген резерв өзін қауіпсіз сезіндіреді, бірақ нарық мінезі тыныш болмайды.
– Ұлттық қор активтері бұрынғы рекордтық деңгейіне жетті ме?
– Әлі жеткен жоқ. Қазір өсім бар, соны оң бағалау керек. Бірақ Ұлттық қор активтері 2014 жылғы ең жоғары деңгейден әлі төмен. Ол кезде қор 77 миллиард доллардан асқан еді. Қазіргі 65 миллиард доллардың айналасындағы көрсеткіш жақсы болғанымен, бұрынғы биікті толық қайтарды деуге ерте.
Оның үстіне соңғы жылдары қордан бюджетке көп қаражат алынды. Қордың ұзақ мерзімді мәні болашақ ұрпаққа арналған жинақ және экономиканы сыртқы күйзелістен қорғайтын тірек. Егер ол тұрақты түрде ағымдағы шығынды жабуға жұмсала берсе, қордың табиғаты әлсірейді.
– Биыл трансферттің қысқаруы оң белгі ме?
– Иә, оң белгі. Қаңтар-ақпан айларының дерегі бойынша қорға түсім трансферттен көп болды. Бұл бюджет тәртібінің біршама қатаңдай бастағанын көрсетеді.
Кейінгі деректерде де Ұлттық қорға түсімнің өскені байқалады. Мысалы, алғашқы үш айда түсім 799,5 миллиард теңгеге жеткені айтылды. Бірақ мұнда бір маңызды шарт бар.
Мұндай үрдіс бір-екі аймен шектелмеуі керек. Мемлекеттік органдар бюджеттік ережені сақтап, шығынды табысқа сай жоспарласа ғана Ұлттық қор нақты жинақ құралына айналады. Әйтпесе жақсы басталған тәртіп келесі кезеңде қайта босаңсып кетуі мүмкін.
Резерв бухгалтерлік көрсеткіш емес. Ол елдің сыртқы сеніміне, теңге тұрақтылығына, инвестор көзқарасына, рейтинг агенттіктерінің бағасына әсер етеді.
Халықаралық резерві бар ел сыртқы күйзеліске төзімдірек көрінеді. Мұнай бағасы түссе, капитал кетсе, импорт қымбаттаса немесе геосаяси қысым артса, резерві бар ел уақыт ұтады. Бірақ резервті көп деп арқаны кеңге салуға болмайды. Оның артында жауапты фискалдық саясат, теңгерімді бюджет, сапалы инвестициялық басқару, ашық есеп және тәуекелді дұрыс бөлу тұруы керек.
– Қарапайым халыққа осыны қалай түсіндіруге болады?
– Мұны үйдің қорымен салыстыруға болады. Отбасының жинаған ақшасы көп болуы мүмкін. Бірақ оның бәрі қолма-қол емес, бір бөлігі алтын бұйым, бір бөлігі депозит, бір бөлігі жылжымайтын мүлік болса, шұғыл ақша қажет кезде бәрін бірдей тез жұмсай алмайды. Мемлекетте де солай.
Қазақстанның қоры өсіп жатыр, бұл жақсы. Бірақ сол қордың ішінде тез қолданылатын валюта азайып, алтын үлесі көбейсе, тәуекелді де дұрыс есептеу керек. Ақылды саясат дегеніміз, бір құралға тым байланып қалмай, қорды тең ұстау деп түсіну керек.
– Алдағы уақытта қандай қауіпке көбірек назар аудару қажет?
– Бірінші қауіп алтын бағасының құбылуы. Екінші қауіп, Ұлттық қордан трансфертті қайта көбейту ықтималдығы. Үшінші қауіп, әлемдік нарықтағы тұрақсыздықтың инвестициялық табысқа әсері. Төртінші қауіп, еркін айырбасталатын валюта көлемінің төмендеуі.
Егер осы фактор қатар келсе, резерв сырттай үлкен көрінгенімен, теңге мен бюджетке түсетін қысым күшеюі мүмкін. Сондықтан қазір ең дұрыс жол алтын мен валюта арасындағы тепе-теңдікті сақтау, Ұлттық қорды ағымдағы шығынның тұрақты көзіне айналдырмау және инвестициялық кіріске тым сеніп қалмау.
Бүгінде Қазақстанның халықаралық резерві өсіп келеді, Ұлттық қор активтері қайта көбейе бастады, ал бюджетке алынатын трансферт көлемінің қысқаруы дұрыс бағытты көрсетеді.
Екінші жағынан, резерв құрылымы алтынға қатты тәуелді бола түсті, ал еркін айырбасталатын валюта үлесінің азаюы болашақта белгілі бір тәуекел тудыруы мүмкін. Сондықтан қазіргі сандарды қуанышты жаңалық ретінде ғана емес, жауапты шешім қабылдауға шақыратын белгі ретінде қабылдаған жөн. Қор көп болғаны жақсы, бірақ оның сапасы, өтімділігі және ұзақ мерзімді сақталуы одан да маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







