Қайрат Сатыбалды мемлекет меншігіне өткізген Double Tree by Hilton Almaty қонақүйі аукционда сатылмай қалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Лотты Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті орналастырған болатын. Сауда-саттық бағаны көтеру аукционы форматында өтуі тиіс еді. Бастапқы бағасы 12,7 миллиард теңгені, ал кепілдік жарнасы 1,9 миллиард теңгені құраған.
Аукцион бүгін, 25 қыркүйекте сағат 10.00-де басталды. Қазіргі уақытта оның мәртебесі – «Өткізілмеді». Сауда басталған уақытқа дейін аукцион залында тіркелген қатысушылар болмаған.
Қонақүйдің тарихы мен тәркіленген активтер
2023 жылдың маусымында Сатыбалдының мемлекетке қайтарған активтерінің ішінде Double Tree by Hilton Almaty қонақүйі де бар екені белгілі болған еді. Қонақүйді 2021 жылы кәсіпкермен байланысы бар кәсіпорын сатып алған.
Қайрат Сатыбалды кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім аясында Қазақстанға заңсыз иемденген активтерін қайтарған. 2024 жылдың тамызында оның үкімі өзгертіліп, нақты бас бостандығынан айыру жазасы бостандығын шектеуге ауыстырылды. Сол кезде қазақстандықтарға Сатыбалдының мемлекетке қайтарған бизнес-орталықтары, коттедждері мен көліктері көрсетілген еді. Кәсіпкерге қатысты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу кезінде қайтарылған активтердің жалпы көлемі 732,8 миллиард теңгені құраған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







