Қытайдың автомобиль өндірушілері әлемдік нарықты қарқынды жаулап жатыр. Соңғы кездері Қытайдың автоконцерндері экспорттық бағыттарын белсенді түрде кеңейтуде. Бұл стратегиядағы маңызды елдердің бірі Қазақстан, деп жазады Ertenmedia.kz.
China Daily басылымының мәліметінше, Қытай экспортталған автокөлік саны бойынша 2023 жылдан бастап Жапонияны артқа тастап, әлемдік көшбасшыға айналды. Соңғы бір айдың ішінде Қытай шетелге 469 мың автокөлік экспорттаған, бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 19,6 пайызға артық. Жалпы биылғы жылдың жеті айында Қытайдың автокөлік экспорты 3 миллион 260 мың данаға жеткен.
Қытай автокөлік өндірушілері қауымдастығының сарапшылары экспорттық нарықты кеңейтуде негізгі басымдық ретінде Таиланд пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін, Латын Америкасы мен Қазақстанды ерекше атап отыр.
Қытайдың әйгілі концерні Great Wall Motor (GWM, Haval, Wey маркаларының өндірушісі) былтыр Қазақстан нарығында 8,8 мыңнан астам автокөлік сатып, елдегі бизнесін одан әрі нығайтуды жоспарлап отыр.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас тереңдей түсті. Соған сәйкес, қытайлық көлік брендтерінің Орталық Азияда табысқа жету мүмкіндігі жоғары», – дейді GWM Халықаралық бизнес бөлімінің президенті Ши Чинке.
Өзге қытайлық өндірушілер де Қазақстан нарығын кеңейтуді көздейді. Baoding концернінің Қазақстандағы дилерлік желісі 20 қалада 28 орталықты қамтиды. Компания 2024 жылдың үшінші тоқсанында Алматы мен Астана қалаларында жаңа орталықтар ашуға дайындалуда. Ал Geely компаниясының Қазақстан аумағында 16 ресми дилерлік орталығы бар, онда тұтынушыларға жеті түрлі модель ұсынылады.
Автокөліктерді экспорттаудан бөлек, қытайлық концерндер нарыққа енудің тағы бір стратегиялық бағытын қарастырып жатыр. Олар Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде өз зауыттарын тікелей салуды көздейді. Осылайша, Қытай автоконцерндері жергілікті өндіріс арқылы аймақтың автомобиль нарығына нық орнығуды мақсат тұтып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







