Ресей билігі алдағы жылдары қорғаныс пен қауіпсіздік шығындарын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізуді жоспарлап отыр. 2027 жылы мемлекет қазынасынан әскер мен қару-жарақ өндірісіне 17,1 триллион рубль бағытталып, күштік құрылымдар жалпы бюджеттің 43 пайызын жұтып қоймақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әскери қажеттілікке 50 триллион рубль жұмсалмақ
The Times басылымының мәліметінше, Мәскеу Батыспен ұзақ жылдарға созылатын текетіреске сақадай сай отыру үшін бар ресурсын әскери арнаға бұрып жатыр. Қорғаныс саласына қаралған 17,1 триллион рубль бастапқы жоспардағы 13,5 триллионнан шамамен 27 пайызға көп. Аталған көрсеткіш Украинада соғыс басталғаннан бергі ең жоғары меже болып саналады.
Жалпы алғанда армия, полиция, Росгвардия және өзге де арнайы қызметтерді қамтитын қауіпсіздік блогы ел бюджетінің 43 пайызын алмақ. Алдағы үш жылға арналған бюджет жобасына сәйкес, әскери қажеттіліктерге бағытталатын жиынтық қаражат 50 триллион рубльден асады. Бұл көлем 1991 жылы КСРО ыдырағаннан бергі ең жоғары тарихи рекорд болып отыр.
Салыстыру үшін айтсақ, Ресейдің бір жылдық әскери қаржыландыруы Ұлыбританияның жылдық қорғаныс бюджетінен екі еседен астам асып түседі, бірақ АҚШ-тың қорғаныс шығындарынан әзірге едәуір төмен.
Әлеуметтік төлемдер мен денсаулық сақтау саласы қысқартылады
Әскери қаржыландырудың ұлғаюы әлеуметтік салалардың есебінен өтелуде. Соғыс басталғанға дейін мемлекеттік қазынаның 38 пайызын құраған денсаулық сақтау шығындары қазір 25 пайызға дейін қысқарған. Кейбір аймақтарда медицина саласын қаржыландыру үштен бірге дейін азайды.
Сонымен бірге 2027 жылы зейнетақы, ардагерлерге төлемдер мен ана капиталын қамтитын әлеуметтік саясат шығындары 7 пайызға, ал білім саласын қаржыландыру 6 пайызға қысқарады. Неміс халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институтының (SWP) сарапшысы Янис Клюгенің есебінше, Ресей 2022 жылдан бері соғыс қимылдарына 400 миллиард фунт стерлингтен астам қаржы жұмсаған. Мұндай орасан қаражат мемлекеттің денсаулық сақтау саласына 20 жыл бойы бөлген шығынымен бірдей.
Әлеуметтік желілерде қаржы қысқарғанымен, Кремль қартаюды бәсеңдетуге, гендік терапияға және жасанды ағзалар жасауға арналған ұлттық жобаға шамамен 20 миллиард фунт бөлген. Келесі аптада 74 жасқа толатын президент Владимир Путин өткен жылы Бейжіңде өткен кездесуде қытайлық әріптесімен медициналық технологиялардың көмегімен өмірді 150 жасқа дейін ұзарту мәселесін де талқылаған болатын.
«Қазір қарулан, төлемін кейін өтейсің»
Сарапшылар Мәскеудің алдағы үш жылдық қаржы саясатын «қазір қарулан, төлемін кейін өтейсің» формуласымен түсіндіреді. Әскери шығындардың тым артуы қарыз алу көлемін ұлғайтып, салық қысымын күшейтеді және инфляцияны шарықтатады деп болжануда.
«Кремль өзінің геосаяси бүгінін қамтамасыз ету үшін Ресейдің экономикалық болашағын кепілге қойып отыр», – деп жазды Eurasia Group сарапшысы Александр Коляндр.
Әскер қатары 1,5 миллионнан асты
Қаржыландырудың өсуімен қатар әскер құрамы да күрт кеңейіп келеді. Путин қарулы күштердің штаттық санын тағы 15 500 адамға көбейтіп, қызметтегі әскерилер санын 1 550 500-ге жеткізу туралы бұйрық шығарды. Жыл басынан бері әскер қатары төртінші рет арттырылып отыр.
Қазіргі уақытта Украина аумағында шамамен 700 мың ресейлік әскери қызметші орналасқан. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, әскери шығындар мен әскер санын қатар ұлғайту Кремльдің жаңа жұмылдыру шараларына немесе ұзақ жылдарға созылатын қақтығысқа дайындалып жатқанын аңғартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







