Шығыс Қазақстан облысында жаңғыртудан өткен Риддер және Шемонаиха теміржол вокзалдары пайдалануға берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Нысандар Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында жөнделді. Риддер мен Шемонаиха вокзалдары осы бағдарлама бойынша өңірде пайдалануға берілген алғашқы нысандардың қатарына енді.
Жаңғырту жұмыстары кезінде вокзал ғимараттарының қасбеті мен ішкі бөлмелері толық жаңартылды. Инженерлік желілер ауыстырылып, жолаушылар платформалары мен іргелес аумақ ретке келтірілді. Сонымен қатар заманауи жабдықтар мен жаңа жиһаз орнатылды.
Жөндеуден кейін жолаушыларға арналған жағдай жақсарды. Вокзалдардың қызмет көрсету сапасы артып, тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы орта қалыптасты.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Финтек-Астана» ЖШС мен «QK SUNQAR» ЖШС жүргізді. Жаңғыртудан кейін Риддер вокзалының жалпы ауданы 471 шаршы метрді құрады. Ал Шемонаиха вокзалының ауданы 230 шаршы метрге жетті.
Жалпы Шығыс Қазақстан облысында бағдарлама аясында бес теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Соның екеуі, яғни Риддер мен Шемонаиха вокзалдары қазірдің өзінде пайдалануға берілді.
Еліміз бойынша теміржол вокзалдарын жаңарту жұмысы жалғасып жатыр. Биыл 1 шілдеге дейін республика көлемінде 30 жаңғыртылған вокзалды пайдалануға беру жоспарланған.
Теміржол вокзалдарын жаңғырту тек ғимаратты жөндеумен шектелмейді. Ол жолаушылар қауіпсіздігін, қызмет сапасын және өңірлердің көлік қолжетімділігін арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жоба саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







