Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Киевте журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ол бұл жағдайға Қазақстан билігінің қатысы болуы мүмкін деген кез келген ақпаратты арандатушылық деп атады.
«Қазақстанның ресми органдарының бұл қылмысқа қандай да бір қатысы бар деу шындыққа мүлде жанаспайтын арандату әрекеті. Бұл тұрғыда Президент те нақты ұстанымын білдірді. Қазір елімізде барлық мәселе тек құқықтық аяда, заң шеңберінде шешіледі. Мемлекет басшысы Айдос Садықов пен оның жұбайының Қазақстан азаматтары екенін ескеріп, олардың құқығын қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды», – деді Мәулен Әшімбаев Сенат кулуарында журналистерге берген сұхбатында.
Спикер қазір Бас прокуратура бұл іске қатысты украиналық әріптестерімен байланысып, тергеуге атсалысып жатқанын жеткізді.
«Қазақстанның бұл жағдайға қатысы бар деген мәлімдемелер – елімізді геосаяси ойындарға тарту мақсатындағы әрекеттер. Біздің ұстанымымыз нақты әрі айқын», – деді ол.
Сонымен бірге, Мәулен Әшімбаев қастандықты жасады деген күдікке ілінгендер арасында Қазақстан азаматының болуы туралы ақпаратқа пікір білдірді.
«Қазақстан ешқандай жағдайда өз азаматтарын басқа елге бермейді. Бұл қатаң ұстаным. Осы іске қатысты екі елдің құқық қорғау органдары бірлесіп, істің мән-жайын анықтап, заң аясында шешім қабылдайды деген сенімдемін», – деді Сенат спикері.
Депутат Бапидің ұстанымы қандай?
Бұған дейін депутат Ермұрат Бапи Садықовқа шабуыл Қазақстан тарапынан жіті назар аударуды қажет ететінін айтқан болатын.
«Садықовтың саяси ұстанымы қандай болғанына қарамастан, ең бастысы ол Қазақстан азаматы.
Сол себепті Қазақстанның ресми органдары Украинаға сұрау салып, бұл іске араласуы тиіс. Бір елдің азаматына екінші елде қастандық жасау халықаралық деңгейде резонанс туғызатын жағдай.
Қазақстан билігі осы оқиғаға қатысты өзінің еш қатысы жоқ екенін дәлелдеуі керек. Егер үнсіздік танытса, бұл басқа пікірлерге жол ашуы мүмкін», – деді Бапи.
Тоқаев қандай пәрмен берді?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе бойынша Қазақстанның құқық қорғау органдары мен дипломатиялық арналар арқылы ресми сұратулар жіберілгенін және тергеуге қатысуға дайын екенін мәлімдеген еді.
«Қазақстанда заң үстемдігі бәрінен биік тұруы тиіс. Айдос Садықовқа Киевте жасалған қастандықты тек құқықтық тұрғыдан қарастыру қажет. Мен бұл жағдай бойынша дипломатиялық және құқықтық арналар арқылы ресми сұрау жіберуді тапсырдым. Қазақстанның құқық қорғау органдары қажет болса тергеуге тікелей атсалысуға дайын», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетелік, Айдос Садықов Украинада ресми түрде босқын мәртебесін алған. Ал 2023 жылдың қазан айында Қазақстанда оған «әлеуметтік, ұлттық, рулық, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырды» деген айыппен іздеу жарияланған еді.

