Белгілі педагог Ахметжан Аятжан білім саласындағы бұрынғы министрлердің былығын әшкереледі, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Танымал сарапшы бұрынғы білім министрі Сағадиевтің кезінде шыққан, «химия, физика, математика пәндерін тек ағылшын тілінде өткізілуі керек» деген бағдарламаға қатысты пікір білдірді.
«Сағадиев «7-сыныптан бастаймыз» деді. Біз қырылып жүріп, 10-сыныпқа сырғыттық. Кейін ол да іске аспады. Сол кезде Сағадиевтің алдында тұрып, «Астанада химияны ағылшын тілінде беретін 10 мектептің мұғалімін атап берсінші. Он бірінші шықса, кешірім сұраймын» дедім. Мен отырдым, Суханбердиева отырды, Астананың Білім басқармасының басшысы отырды. Алдында санап бердім. 2017 жыл ғой. Алтыға барғанда тоқтап қалды. «Қайдан табасыздар?» дедім. «9 ай оқытып, ағылшынша бергіземіз» дейді. Бір мұғалімді 9 ай оқытып, ағылшынша сабақ бергізетін деңгейге жеткізсек, балаларға 1-сыныптан бастап 11 жыл оқытамын деп неге жаныңды қинап жатсың?» дедім. Масқара бюджет бөлінді», — деді Ахметжан Аятжан Ara Media-ға берген сұхбатында.
Ахметжан Аятжан бұған дейінгі министрлердің кемшілігін де айтты.
«Сәрінжіповтің алдына кірдім, Сағадиевтің алдына кірдім, Аймағамбетовтің алдына кірдім, Ғанидің алдына кірдім. Ортасында 3 ай отырған Күләштің алдынға ғана кіргенім жоқ. Министрдің бәрін көрдім. Өкінішке қарай, Сағадиев пен Сәрінжіпов біздің білім саласын мүлдем түсінбейтін еді. Орта білім не екенін түсінбейтін еді.
Барлық мектепті Назарбаев зияткерлік мектебінің деңгейімен қарастыратын еді. Аймағамбетовтің ең үлкен артықшылығы: осы процестің бәрін сен айтпай тұрып, сенен бұрын алдыңа түсіп жорғалайды. Ол Сәрінжіпов пен Сағадиевтен кейін, білім саласы таяқ жеп тұрған кезде келді. Жаңа Президент те келді. Педагог мәртебесі туралы заң қабылданды. Мұғалімдердің жалақысы 4 жылда 2 есеге көбейді. Шешімдер шексіз жақсы көргізді. Жеке меншік университеттің де біразын жапты», — деді сарапшы Ara Media-ға берген сұхбатында.
Педагог бұған дейін тиімсіз шешім қабылдаған білім саласындағы кейбір бұрынғы шенділер неге жазаланбайтынын айтты.
«Ағылшынша оқыту деген мәселе Аймағамбетовтің тұсында тоқтады. Неге жүзеге аспай қалды деп ешкім сұрайды. Сұраса, арғы жағы Дариғаға барып тіреледі», — деді ол.
Айта кетейік, Ерлан Сағадиев 2016 жылғы 10 ақпаннан 2019 жылғы 25 ақпанға дейін Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі қызметін атқарды.
Ал Аслан Сәрінжіпов 2013 жылғы 2 қыркүйекте білім және ғылым министрі болып тағайындалды. Ол бұл қызметті 2016 жылға дейін атқарды.