Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысатын «Respublica» партиясының тізімін тіркеді. Партия атынан сайлауға 75 кандидат түседі, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Шешім Орталық сайлау комиссиясының сайлау науқаны аясында өткен үшінші отырысында қабылданды. Жиынға «Respublica» партиясының басшылығы, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының байқаушылары қатысты.
Отырысқа Бас прокуратураның, Қаржы, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің өкілдері мен журналистер де шақырылды. Облыстардағы, Астана мен республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері бейнеконференция арқылы қосылды.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, бұған дейін жеті саяси партия сайлауға қатысуға қажетті құжаттарын ұсынған. Комиссияның сұрауы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар партиялық тізімге енген азаматтарды тексерді. Кандидаттардың Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заң талаптарына сәйкестігі зерделенген.
«Respublica» партиясы Құрылтай депутаттығына кандидаттардың тізімін Орталық сайлау комиссиясына 7 шілдеде тапсырған. Нұрлан Әбдіров комиссияның заңнамада белгіленген барлық рәсімді орындағанын атап өтті.
ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов партияның бастапқыда 76 кандидат ұсынғанын айтты. Кейін кандидат Сәния Темірғалиева тізімнен өз еркімен шығу жөнінде өтініш берген. Оның өтініші комиссияға 11 шілдеде түскен.
Сайлау туралы Конституциялық заңның 90-бабы 1-тармағына сәйкес, ОСК Сәния Темірғалиеваны партиялық тізімнен алып тастау туралы шешім әзірледі. Соның нәтижесінде сайлауға қатысатын кандидат саны 75 адам болып бекітілді.
Тізімдегі 38 кандидат әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар санатына жатады. Олардың үлесі кандидаттардың жалпы санының 50,7 пайызын құрайды. ОСК мәліметінше, заңда белгіленген квота толық сақталған.
Уәкілетті органдар жүргізген тексеру қорытындысында партиялық тізімге енген кандидаттардың Конституция мен сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес келетіні анықталған.
Шавхат Өтемісов «Respublica» партиясының сайлау жарнасын төлеуден босатылатынын да мәлімдеді. Партия VIII сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында 8,59 пайыз дауыс жинаған. Қолданыстағы нормаға сәйкес, осындай нәтижеге қол жеткізген саяси ұйымнан жаңа сайлау кезінде жарна талап етілмейді.
Отырыс қорытындысында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері партиялық тізімді тіркеуге және кандидаттың өтінішіне байланысты тиісті қаулыларды қабылдады. Жиыннан кейін «Respublica» партиясының өкілдері журналистерге арналған брифинг өткізіп, сайлау науқанына қатысты сұрақтарға жауап берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







