Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шәлкөде жайлауында Батыс Түрік қағанаты дәуіріне жататын ірі ғұрыптық-мемориалдық кешен зерттеліп жатыр. Археологтар көне түркілердің билеушілерін қалай ұлықтағанын, олардың құрметіне қандай рәсімдер өткізгенін анықтауды көздеп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кешен шамамен 2,4 гектар аумақты алып жатыр. Негізгі тас құрылыстың ұзындығы 72,8 метр, ені 68 метр болса, сақталған бөлігінің биіктігі үш метрге дейін жетеді. Оған жалғасқан рәсімдік дәліз-құрылымның өлшемі 42,7×58,2 метрді құрайды. Екеуі біртұтас сәулеттік кешен ретінде қарастырылып отыр.
Көне түркі жазба деректерінде мәртебелі тұлғаларды ұлықтауға арналған қасиетті кеңістік «барқ» деп аталған. Мұндай ескерткіштер қаған, тегін, тархан және шад секілді қоғамда жоғары орын алған тұлғалардың құрметіне тұрғызылған.
Шәлкөденің негізгі бөлігін күрделі жоспарланған көпқырлы тас құрылыс құрайды. Зерттеушілердің пайымынша, мұнда қағанның киелі саналған бейнесін қастерлеуге арналған салтанатты рәсімдер мен құрбандық шалу ғұрпы өткен болуы мүмкін.
Көне түркі дүниетанымында билеушінің орны ел басқарумен шектелмеген. Қаған билігі діни түсінікпен тығыз сабақтасқан. Оның қайтыс болуы қалыптасқан тәртіп пен ел ішіндегі үйлесімге әсер етеді деп қабылданған. Сондықтан еске алу рәсімдері арқылы Тәңірінің рақымына бөлену, қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын сақтау көзделген.
Кешеннің орналасқан жері де осы түсінікпен байланыстырылады. Үш жағын тау қоршаған, жанынан өзен өтеді. Батысы Кеген аңғарына қарай ашық жатыр. Зерттеушілер көне түркілер үшін тау, өзен мен аспанның киелі мәні болғанын ескеріп, орынның таңдалуына да назар аударып отыр.

Ғалымдар тас құрылыстың жоспары мен ғұрыптық нысандарды зерделеу арқылы сол дәуірдің сәулет тәсілдерін ғана емес, билік пен сенім арасындағы байланысты да түсінуге тырысады. Шәлкөдені өзге түркі ескерткіштерімен салыстыру оның ортақ тарихи кеңістіктегі орнын анықтауға көмектеседі.
Биыл шілде-тамызда Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары YNTYMAQ CORPORATION компаниясының қолдауымен кешенде далалық қазба жұмыстарын жүргізген. Алдағы кезеңде нысанның құрылымы, сәулеттік ерекшелігі және атқарған қызметі туралы дерек жиналмақ.
Зерттеу бір маусыммен аяқталмайды. Кешенді кезең-кезеңімен зерделеу ондаған жылға созылуы мүмкін. Әзірге оны кім салдырғаны және мұнда нақты қандай рәсімдер атқарылғаны толық анықталған жоқ. Археологтардың ендігі жұмысы осы сауалдарға заттай айғақ арқылы жауап іздеуге бағытталмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






