Ақорда жақында ғана дербес мемлекеттік орган ретінде қайта құрылған Қауіпсіздік кеңесі аппараты басшысының жаңа орынбасары Геннадий Зуевтің ресми өмірбаянын жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тоқаевтың өкімімен жауапты қызметке тағайындалған шенеунік туралы ашық ақпараттың аздығы ел ішінде түрлі қауесет тудырған еді.
Қоғамдық назар мен ресми тағайындаудың ерекшелігі
5 қыркүйекте жарияланған кадрлық ауыс-түйіс кезінде жаңа құрылымға тағайындалған өзге басшылардан Геннадий Зуевтің жағдайы ерекшеленіп тұрды.
Оның әріптестері – Мұрат Баймұқашев, Нұржан Қаджиақбаров және Руслан Жақсылықовқа қатысты хабарламада олардың бұрынғы лауазымынан босатылғаны нақты көрсетілсе, Зуевтің өкімінде мұндай жазба мүлде болмады.
Осыдан кейін желіде жаңа шенеуніктің өткен-кеткеніне қатысты сауал көбейген болатын. Ақорда сайтында жарияланған мәлімет әлгі сауалға семіз нүкте қойып, Зуевке қатысты күбір-күбір әңгімені сап тиды.
Қылмыстық-атқару жүйесінен Президент Әкімшілігіне дейін
Геннадий Иванович Зуев 1982 жылы 3 сәуірде Ақмола облысында дүниеге келген. 2003 жылы Астана қаласындағы Қазақстан-Ресей университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Оның ширек ғасырға жуық еңбек жолы құқық қорғау және қорғаныс саясатын үйлестірумен тығыз байланысты:
- 2004–2009 жылдары – қылмыстық-атқару жүйесі органдарында түрлі, соның ішінде басшылық лауазымдарда құқық қорғау қызметін атқарды;
- 2009–2019 жылдары – тұтас бір онжылдық бойы ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің Қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімінде жауапты қызметтерде болды;
- 2019 жылдың шілдесінен бастап – мемлекеттік қызметін Президент Әкімшілігінде жалғастырды;
- 2022 жылдың қыркүйегінен бастап – Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.
Мемлекеттік қызметтегі мінсіз еңбегі үшін ол «Парасат» және «Құрмет» орденімен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Қауіпсіздік кеңесінің ауқымды жаңғыруы
Геннадий Зуевтің тағайындалуы Қауіпсіздік кеңесінде жүргізіліп жатқан терең құрылымдық өзгерістермен тұспа-тұс келді.
Тамыз айының соңында Тоқаевтың жарлығымен Қауіпсіздік кеңесінің аппараты Президент Әкімшілігі құрамынан шығарылып, тікелей Президентке бағынатын әрі есеп беретін дербес мемлекеттік орган мәртебесін алды.
Көп ұзамай Қауіпсіздік кеңесі хатшысы лауазымы жойылып, Төрағаның орынбасары қызметіне Аида Балаева тағайындалды. Жаңадан жасақталған аппаратты бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары болған генерал-майор Мұрат Баймұқашев басқаратын болып шешілді. Оның бірінші орынбасары болып Нұржан Қаджиақбаров, ал орынбасарлары болып бұрынғы экс-Қорғанмин Руслан Жақсылықов пен Президент әкімшілігінен ауысқан тәжірибелі заңгер Геннадий Зуев бекітілді.
Осылайша Қауіпсіздік кеңесінің жаңа аппаратына құқық қорғау жүйесі мен мемлекеттік аппараттың ішкі механизмін жетік меңгерген кадрлар шоғырланды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







